Жаңа заң жобасы интернет саудадағы тәртіпті реттемек

Елімізде онлайн сауда қарқынды дамып келеді, алайда алаяқтар да қалысар емес. Мыңдаған шағым тіркелген. Сауда министрлігі интернеттегі тәртіпті күшейту үшін жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті.
Роза Сайрасанқызы – мыңдаған клиенті бар онлайн дүкенді басқарып отырған кәсіпкер. Осыдан үш жыл бұрын интернет арқылы ыдыс-аяқ, косметика тауарлары мен киім-кешек сатуды бастайды. Содан бері электронды коммерциямен айналысқанына өкінбейді. Біріншіден, дүкен жалдап шығындалмайсың. Әрі тұтынушылардан да тапсырыс көп түседі.

РОЗА САЙРАСАНҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР:
— Адамдар тауарды онлайн көреді. Үйіне жеткізумен тапсырыс береді. Өте ыңғайлы болғасын, өзім онлайн айналысу керек деп ойладым. Өкінген жоқпын, қазір сайтта сатып жатырмын. Өзімнің клиенттерім бар.

Бірақ онлайн саудамен бірге интернет алаяғы да көбейген. Тұтынушылар марктеплейстер, жалған сайттар мен онлайн-аукциондар арқылы тапсырыс беріп, бірақ тиісті тауарға қол жеткізе алмаған. Бас прокуратура биыл 9 мыңға жуық арыз-шағым түскенін айтады. Интернет саудадағы алаяқтықтың дені Астана, Алматы қаласына тиесілі боп тұр. Сауда министрлігінің болжамынша, алдағы 4 жылда әрбір бесінші тауар онлайн сатылады. Айталық, бүгінде елімізден 80 аса ірі интернет дүкен бар.

ТОЙГҮЛ ЖҰБАНИСОВА, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Соңғы 5 жылда электронды сауда көлемі 7 есе ұлғайып, 3,2 трлн теңгеге жетті. Бұл бөлшек сауда көлемінің 14,1 пайызын құрап отыр. Саланың әрі қарай өсу әлеуеті зор. Белсенді пайдаланушылар бар. Басымдықтардың қатарында заңнаманы жетілдіру жоспарда бар, занамауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту бар.

Дегенмен дәстүрлі сауданы қолдайтындар да бар. Соның бірі – Меруерт Кәрімбаева. Астанадағы сауда орындарының бірінде киім-кешек, ыдыс-аяқ сатумен айналысады

МЕРУЕРТ КӘРІМБАЕВА, САТУШЫ:
— Әсер етіп жатқан жоқ. Тауардың бағасы арзандау әрі көзбен көріп алады. Барлығы тиімді бағада. Офлайн алған ыңғайлы деп ойлаймын. Алған кезде тауардың барлығын клиентке тексеріп береді.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Сауда сенімнен басталады. Әсіресе қазіргідей онлайн сауданың дамыған тұсында. Интернет арқылы тапсырыс берген ыңғайлы болғанымен, бірақ ұсынылған зат суреттегідей бола ма деген күмән туындайды тұтынушыда. Ал офлайн жұмыс істейтін дүкендер де, сөредегі тауарды өз көзімен көріп, қолыммен ұстап, киіп көруге мүмкіндік бар.

Қала тұрғыны Мәкен Сүлейменова электронды коммерциядан гөрі дүкен аралағанды ұнатады. «Өйткені маркетплейст арқылы тауардың сапасын дұрыс тексеруге мүмкіндік жоқ», — дейді.

МӘКЕН СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Дүкенге келгенде консультант балалар бар, олар көмектеседі. Сапасы қандай деген сияқты сұраққа жауап береді. Интернет арқылы сауда жасағанды онша ұната қоймаймын.

Президент халыққа жолдауында цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Сауда министрлігі электронды коммерция туралы жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті. Сарапшылардың пікірінше, маңызды құжат тұтынушылардың құқықтарын қорғап, онлайн сауданың дамуына жаңаша леп әкелмек.
———————————————