«Байсалды ауыл» жобасын қолдаушылар таңда жүгіріп, кешке домбыра тартады

Солтүстікте ішімдіктен бас тартқан елді мекен саны 20-ға жуықтады. «Байсалды ауыл» жобасын қолдаушылар таңда жүгіріп, кешке домбыра тартады. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Құралай ауылы да осы ұстанымға көшкен.
Құралай – облыс орталығынан 130 шақырым жерде, яғни шекара шебінде орналасқан ауыл. Түтіні түзу, тұрмысы оңтайлы. Ақсақалдар алқасының ұйытқы болуымен елді мекен тұрғындары бірауыздан «Байсалды ауыл» жобасын қолдады. Яғни халық алкагольді ішімдіктен жаппай бас тартты.

ДӘУЛЕТЖАН БӘКІРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Ежелден біздің ауыл үлгілі ауыл болатын. Шет жердегінің бәрі мақтайды. Халықтың 60-70 проценті темекі тартпайды. Арақ ішпейді. Мен сонысына қуанамын. Қазір ауылымыз көркейіп жатыр.
Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда ұрлық-қарлық тыйылған. Яғни біреудің ала жібін аттау атымен жоқ. Жастардың дені спортпен айналысады. Осылайша берекелі елдің берік байламы көз сүйсінтеді.

АСАН МЕЙРАМОВ, АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Осы жылы біздің ауданда екінші ауыл арақ ішуден бас тартып отырғанын айтқым келеді. 5 жылдың ішінде Құралай ауылында қылмыстық істер қозғалмаған. Бірде-бір есепте тұратын адамда жоқ.

200-ге тарта тұрғыны бар ауылда той-томалақ тек қымыз-қымыранмен өтеді. Жаманнан сап тыйылған Құралайда соңғы жылдары оң өзгеріс көп.

ШЫРАЙЛЫМ ОМАРОВА – АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІ:
— Әрбір үйдің ішіне су тартылған. Көше жарықпен 100 пайыз қамтылған. Интернетіміз бар. Қаладан Құралайға дейін күнде автобус жүріп жатыр.

Еліміздің солтүстігінде 19 елді мекен халқы өздерін арақсыз ауыл деп жариялады. Бұл қатарға қосылуға ниетті ауылдар әлі де бар.
———————————————