«Жетінші арна» жаңа шығармашылық маусымының шымылдығын ашты

Алматыда «Жетінші арна» жаңа шығармашылық маусымының шымылдығын ашты. Тұсаукесер рәсіміне жиналғандар республикалық арналар арасында топ жарған каналдың қол жеткен жетістіктеріне куә болып қана қойған жоқ. Көгілдір экраннан көрерменге алдағы күндері жол тартатын шығарылымдар топтамасымен де танысты.
Қазақстанның медиа нарығына 16 жыл бұрын енген «Жетінші арна» бүгінде өз орнын тапты. Жұмыс та жүйеленіп, көрерменге ұсынылатын тұрақты өнім қалыптасты. Ақпараттық хабар таратудан бастап, арнаның Digital кеңістіктегі аясын кеңейтуге аса мән беріледі. Әлемнің әр түкпірінен эксклюзив сериалдық контент ұсынып, отандық теле-шоу мен бәсекеге қабілетті бағдарламаға басымдық беріп келеді. Тұсаукесер кешінде мұның барлығы шағын ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі екені айтылды.

АЛМАС ӘШІМ, «ЖЕТІНШІ АРНАНЫҢ» ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІСІ:
— Медиа кеңістікте бәсекелестік күшейіп, аудиторияның талғамы өзгеріп жатыр. Біз көрерменнің сенімін сақтау үшін сапалы контент ұсынып, трендтен қалмауға тырысамыз. Жаңашылдыққа ашықпыз. Оның дәлелі – рейтинг. Біз көш басында келеміз.

Үнемі көш басында болу және талғамы биік көрермен үдесінен шығу үшін атқарылып жатқан жұмыс ұшан теңіз. Қазақстан аумағын түгел қамтып, қазақ және орыс тілдерінде тәулік бойы хабар тарату жолында талай іс тындырылды. Айталық, былтыр сәуір айында арнаның жалпы рейтингідегі үлесі 4 пайыздан сәл ғана асқан еді. Биыл тамызда бұл көрсеткіш еселеніп, 12 проценттің үстіне шықты. Осылайша «Жетінші арна» республикадағы көрсетілімі жоғары жетекші арнаның үштігінен түспей отыр.

ВАЛЕРИЙ МАШТАКОВ, MEDIA NOVA КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Қазақстандағы аудитория өзгеріп келеді, жастар көп. Сол себепті телеарналар бұл жағдайды бағдарламалық саясатта ескеруі керек. «Жетінші арна» осыны өте сәтті жүзеге асырып жатыр деп ойлаймын.

Көрерменнің көзайымына айналған «Жетінші арна» үнемі ел назарында. Әлеуметтік желідегі ресми парақшада жазылушы санының 7 миллионға жуықтап қалғаны – соның айқын дәлелі. Өйткені ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар, әр тақырыпқа ой жүгірткен сарапшылардың салмақты пайымы, танымдық телешоулар үнемі түрленіп отырады. Жаһандағы және елдегі болып жатқан экономикалық өзгерістер де осы арада сараптан өткізіледі. Түрік, Қытай сериалдары сапалы тәржімаланып, оны кәсіби мамандар дыбыстап, эфирге ұдайы ұсынады. Қазір туризмді дәріптеуге де ден қойылып отыр. Мысалы, «Жетінші арна» Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасын қолға алды. Қазір «Іледе күтемін…» телехикаясының түсірілімі жүріп жатыр. Көп ұзамай ол да көрерменге жол тартады.
———————————————