Атыраудағы стоматология ісі: дропперлерден элиталық көліктер тәркіленді

Қаржы мониторингі агенттігі Атыраудағы стоматологиялық клиникалар ісі бойынша дропперлерден тәркіленген қымбат көліктерді көрсетті. Mercedes-Benz, BMW, Porsche Taycan, Cadillac Escalade және Toyota Land Cruiser секілді элиталық маркалар – мүліктің тек бір бөлігі ғана. Тергеу дерегінше, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған медициналық анықтамалар арқылы ақша шығаруға көмектескен делдалдар қаржыдан 10-20 пайыздық үлесін өздеріне қалдырып отырған. Бұл қаражатқа жүздеген миллион теңгенің мүлкін сатып алған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер азаматтардың алған қаражатынан 10%-дан 20%-ға дейін заңсыз сыйақы ұстап отырған. Жиналған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қылмыстық топтар 226 «дропперді» пайдаланған. Жалпы, 200 млрд теңгеден астам қаржы айналымнан шығарылған. Зейнетақы салымшыларының ақшасына күдіктілер жалпы құны 600 млн теңгеден асатын 15 қымбат қымбат автокөлік, сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған.
———————————————