Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Нью-Йоркте жүр. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлейді. Оған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық ірі компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған сапарының алғашқы күні мазмұнды әрі маңызды кездесулерге толы болды. Әңгіме өрбіген негізгі бағыттар – инвестициялық серіктестікті тереңдету, мәдени дипломатияны кеңейту және білім сапасын арттыру. Мемлекет басшысы әуелі Смитсон институтының басшылығымен кездесті. Кейін Educational Testing Service компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады. Бұл ұйым жылына 50 млн-нан астам тест дайындайды және 180 елдің білім жүйесіне бейіндік шешімдер ұсынады. Қазақстан соны ұлттық білім беру жүйесіне енгізуге мүдделі. Ынтымақтастықтың маңызын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ерекше атап өтті.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Атақты Смитцен институтының негізінде антропология, тарих, мәдениеттану, дінтану, басқа да мәдениеттануға, т.б. түрлі саласында тағылымдамалар ұйымдастырылады. Екінші үлкен кездесу – атақты Итс Эдикейшн тестинг сервисі. 80 жылдық тарихы бар ең ірі тест жасайтын және тестологияны зерттейтін ғылыми орталық. Қазіргі таңда біздің Ұлттық бірыңғай тестілеудің сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру үшін осы ең ірі, ең атақты тестология ғылыми орталығымен жұмыс атқарылады.
Жұмыс сапарының алғашқы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Goldman Sachs Global Institute президенті Джаред Коэнмен де кездесті. Мемлекет басшысы американың жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақмерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады.
Толықтай цифрлық елге айналып, жасанды интеллектінің жұмысын арнайы министрлік арқылы жүйелегісі келетін Қазақстанға Голдман Сакстай алпауыт серіктес керек-ақ. Ыңғайлы инвестициялық климаты қалыптасқан, цифрландыруда алдыңғы қатарға шыққан біздің ел де аталған банк үшін айрықша мүмкіндік. Нью-Йорктегі ауқымды кездесулердің бірі уран саласындағы канадалық серіктесімізбен де болды. Қазақстанға 500 млн доллардан астам инвестиция құйған Cameco бірлескен жобалардың болашақ жоспарынан президентке хабар берді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қазақстан атом саласында қолданылатын инновациялық тәсілдерге қызығушылық танытатынын жеткізді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.