Президенттің Нью-Йорк сапары екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Сарапшылардың айтуынша, бастысы – қазақстандық және америкалық компаниялар арасындағы нақты келісімшарттар. Өйткені Қазақстан қазірдің өзінде америкалық технологияны кеңінен қолданып отыр. Ал АҚШ нарығы – әлемдегі ең ірісі әрі ең тартымдысы. Бұл сапар ауылшаруашылық өнімдері мен басқа да отандық тауарлардың экспортын арттыруға жол ашуы мүмкін. Сонымен бірге америкалық қаржы институттарымен келісімдер жасалып, қазақстандық кәсіпорындар үшін жаңа инвестиция көздері пайда болады деген болжам бар. Сарапшылар бұл сапарды экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін тарихи мүмкіндік деп бағалап отыр. Маңыздысы – келісімдер қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуы қажет.
РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ – САРАПШЫ:
— Меніңше, біз АҚШ қаржы институттарын тарта аламыз. Президенттің Goldman Sachs америкалық инвестициялық банк басшысымен кездесуіне қарағанда, біз АҚШ банктері арқылы қарыз аламыз деп болжаймын. Президент ресми түрде БҰҰ Бас ассамблеясы отырысына барғанымен, ең басты нәтиже – қазақстандық және америкалық компаниялар арасындағы келісімшарттар болуы керек. Біз олардан көп сатып алатын болсақ, олар да бізден көп алуы тиіс. Бұл – біз үшін тарихи мүмкіндік.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.