Технологияның қарқынды дамуы, цифрлық байланыс құралдарының кеңінен таралуы алаяқтардың да айла-амалдарының көбеюіне сеп болып отыр. Қазір еліміздің Бас прокуратурасына қарасты «Қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстық қатерлерді болжау орталығы» қауіптер жөнінде ескертуді бастаған. Қоғамда дендеп бара жатқан бұл мәселе жөнінде Президент халыққа Жолдауында «Киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн» деп баса айтқан болатын.
Алаяқтарға алдандық дегендер көп. Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған мәселе де осы – кибершабуыл, интернет алаяқтық. Биыл елімізде алаяқтықтың осы түрінен 14 мыңнан аса жапа шегу фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға көп. Бас прокуратура да киберқылмысты қадағалауды күшейттік деп отыр. Тіпті арнайы орталық іске кіріскен.
БЕРІК АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:
— Мемлекет басшысы Жолдауында киберқауіпсіздікті нығайту қажеттігін ерекше атап өткен еді. Бүгін осы орталықтың алғашқы есебін тыңдадым. Олар қазірдің өзінде жасанды интеллект элементтерін қолданатын цифрлық жобаларды жүзеге асырып жатыр: «е-Өтініш» арқылы келіп түскен арыздарды талдайды, қылмыстың алдын болжайды, әлемдегі қылмыстық қауіптерді бақылап, олардың Қазақстанға «импортталуына» жол бермейді.
Бас прокурордың айтуынша, жуырда дәл осы орталық автокөлік иелеріне бағытталған ауқымды фишингтік шабуылдың алдын алу үшін азаматтар мен мемлекеттік органдарға ескерту жасалған. Алаяқтар азаматтарға «жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл» деген сылтаумен хат жіберіп, «төлеу» сілтемесін қоспақшы болған. Мұндай шабуылдар АҚШ пен Ресейде тіркеліпті. Әйтсе де біздің елімізде де алаяқтың айла шарғысы азаймай тұр.
АЛЕКСЕЙ КАЛИННИКОВ, «ҚАЗТЕЛЕПОРТ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Алаяқтар үшін істі тез бітіру маңызды. Сондықтан сіз ойланып үлгермей қалуыңыз мүмкін. Олар: «Ұсыныс жақында аяқталады» немесе «не ойлайсыз, пайда көз алдыңызда», — деп айтуы ықтимал. Көбіне олар эмоцияға қысым жасайды: «Балаңыз жол апатына түсті» немесе «картаңыздан барлық ақша шешіледі», — дейді. Биыл қылмыскерлер жиі еңбексіз пайда уәде етіп жүр – аса табысты жұмыс, тиімді инвестиция секілді.
Бүгінде алаяқтар келтірген залал көлемі – 6 млрд теңгеден асқан. Оған қоса кибералаяқтық құпия деректердің заңсыз таралуына да ықпал етуде. Соның кесірінен азаматтардан маза қашқан.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бүгінде алаяқтық жолмен рәсімделген несиелердің төлемін тоқтату және дропперлерден негізсіз алынған қаражатты өндіріп алу шаралары қолға алынған. Мәселен, алаяқтарға өздерінің төлем құралдарын берген 217 дроппер қылмыстық жауапқа тартылды. 61 киберқылмыстық топ әшкереленіп, жалпы сомасы 3 миллиард теңгеге жуық күдікті транзакциялары бұғатталған.
Айта кетейік, осы айдан бастап Қылмыстық Кодекстің 232-бабы күшіне енді. Онда өз төлем құралдарын материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға заңсыз берген дропперлерді қылмыстық жауапқа тарту көзделген. Бұл құқықбұзушылық үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.