Қостанайда екі бірдей базар жұмысын тоқтатып жатыр

Бос қалған сөрелер, қаңыраған павильондар. Қостанайда екі бірдей көне базар жұмысын тоқтатып жатыр. Бұрын саудасы қызып, тіршілігі қыз-қыз қайнаған сатушылар қайда барарын білмейді. Ал заңнамадағы жаңа талапты орындамаса, жазаға тартылады.
«Нариман» – Қостанайдағы көне базарлардың бірі. Бір кездері саудасы қызып, күніне мыңдаған адам келіп-кететін нысан қазір қаңырап бос тұр. Бірде-бір кәсіпкер қалмаған. Бірі бизнесін біржола жапса, басқалары қаланың шетінде жаңадан ашылған сауда орындарына көшіп жатыр. 30 жылдан артық осы арада нәпақасын айырған Ирина Логвиенко бұл базар көп отбасының жалғыз табыс көзі болғанын айтады.

ИРИНА ЛОГВИНЕНКО, КӘСІПКЕР:
— «Нариман» базарында сауда орнымызды ашып, тірлігімізді жасадық. Бала-шағамызды асырадық. Бірақ заман өзгерді. Базар тозып, талапқа сай болмай қалды. Енді қайда баратынымыз белгісіз. Зейнетке жақындаған жаста жаңа кәсіп бастау да қиын.

Бұрын бұл жерде 300-ден астам кәсіпкер сауда жасаған. Олар орындарын сақтап қалуға барынша тырысқанымен, жергілікті билік нақты шешім қабылдады. Енді мұнда жаңа мектеп бой көтереді. Қазір кәсіпкерлерге басқа сауда орындары ұсынылуда. Қостанайдағы «Көтерме базар да» жабылу алдында тұр. Нысан келесі жылдан бастап жұмысын тоқтатады. Қазір мұнда 240 кәсіпкер еңбек етіп жүр. Олардың келісімшарт мерзімі желтоқсан айының соңында аяқталады. Әкімдіктің мәліметінше, жаңа заңнамаға сәйкес, тұрғылықты халық саны 100 мыңнан асатын шаһардағы базарлар заманауи стандартқа сай болуы тиіс. Яғни сауда орындары арнайы стационарлық ғимаратта орналасып, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек.

СЕРІК БЕКТҰРҒАНОВ, «ТОБЫЛ» ӘКК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қала әкімдігі жанынан арнайы жедел штаб құрылды. Кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Саяхат» базары мен «Апельсин» жаңа сауда орталығынан орындар ұсынылып жатыр.

Дегенмен кәсіпкерлер жаңа сауда орындарына көшуге асығар емес. «Себебі бұл павильондар қаланың шетінде орналасқандықтан, тұтынушыларға ыңғайсыз болуы мүмкін», — деп уайымдайды.
———————————————