БАЛАЛАРҒА ТӨЛЕНЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ ӨСЕДІ
Келесі жылы Қазақстанда балаларға төленетін жәрдемақы көлемі ұлғаяды. Бала тууға берілетін біржолғы төлем 10%-ға көбеймек. Бұған дейін ол 149,5 мың теңге болса, келесі жылы 164 300 теңгеге жетеді. Бұл сома бірінші, екінші және үшінші балаға төленеді. Ал төртінші және одан кейінгі балаларға жәрдемақы 272 475 теңге болады. Бала күтімі бойынша ай сайынғы төлемдер де артады. Бірінші балаға ата-аналар 24 912 теңге алады, бұл биылмен салыстырғанда 2,2 мың теңгеге көп. Екінші балаға – 29 453 теңге, үшінші балаға – 33 951 теңге, ал төртінші және кейінгі балаларға 38 492 теңге төленеді.
ШЫНАЙЫ ЖАЛАҚЫ АЗ
Қазақстан шынайы жалақы өсімі жағынан ТМД елдерінің арасында аутсайдер болды, деп жазады Finprom.kz. Бұған басты себеп – ТМД бойынша рекордтық инфляция. Елімізде номиналды жалақы көтерілгенімен, оны инфляция түгел «жеп қойған». Ал ең төменгі жалақы 2024 жылдың қаңтарынан бері өзгермей, 85 мың теңге күйінде қалды. Салыстырсақ: Ресейде орташа жалақы – 1,1 мың доллар, Қазақстанда – 849 доллар, Беларусьте – 815 доллар, Арменияда – 753 доллар, Қырғызстанда – 481 доллар.
ҚОСАЛҚЫ ҚАРЫЗ АЛУШЫ БОЛУДЫҢ САЛДАРЫ
Досыңызға ипотека алуға көмектесіп, қосалқы қарыз алушы болдыңыз ба? Өзгенің несиесі сізге ұзақ жылдар бойы өз атыңызға кредит алуға тосқауыл болуы мүмкін. Finranking.kz жариялаған мақалада айтылғандай, Қазақстанда көп адам қосалқы қарыз алушыны «формалдылық» деп қабылдайды. Алайда іс жүзінде ол толыққанды келісімшарт қатысушысы, яғни бүкіл қарызға тең дәрежеде жауапты. Оның үстіне бұл несие сіздің несие тарихыңызда әрдайым көрініп тұрады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.