«Түтінге тұншықтық»: Өскемен іргесіндегі ауыл заңсыз салынған зауытқа шағымданды

Еліміздің шығысындағы Ново-Явленко ауылында тұрғын үйлердің дәл жанынан асфальт-бетон зауыты салынған. Салдарынан жергілікті халық қою түтінге тұншығып отыр. Тұрғындардың айтуынша, кәсіпорынға заңды рұқсат берілмеген. Тіпті құжаты да жоқ. Соған қарамастан ол сынақ режимінде жұмысын бастап кеткен.
Өскемен іргесіндегі Ново-Явленка ауылы тұрғындарынан маза қашты. Себебі бірнеше айда елді мекен ортасынан асфальт-бетон зауыты бой көтеріп, жұмысын бастаған. Жұрт болса кәсіпорыннан шыққан түтінге тұншығуда.

АЛЛА КАКИМОВА, НОВО-ЯВЛЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Таңғы жеті болмай жұмыс басталады. Кешке дейін бір тоқтамайды. Егер өндіріс ошағы толық қуатқа көшсе, біздің күніміз не болады?

Мәселені біржақты ету үшін тұрғындар қалалық әкімдікке шағым түсірді. Тексерістен кейін кәсіпорынның еш рұқсатсыз салынғаны анықталды.

АЗАТ ҚАСЫМОВ, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Халықтың өтінішінен кейін мәселе қаралды. Айта кету керек, әкімдік бұл нысанның құрылысына рұқсат берген жоқ. Сондықтан қала әкімі тапсырмасымен барлық материал қадағалау органдарына жолданды.

Айта кету керек, зауыт тұрғын үйлерден небәрі 10 метр жерде орналасқан. Талап бойынша ол ауылдан кемінде бір шақырым жерде болуы керек.

МЕРУЕРТ ЖАРЛЫҒАСЫМОВА, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЭКОЛОГ ИНСПЕКТОРЫ:
— Егер құжаты болмаса, онда әкімшілік кодекстің 324 бабы бойынша өтініш бермегені үшін айыппұл салынады. Мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтпегені үшін – 332-бап бар. Және рұқсатсыз жұмыс істегені үшін 328 бап бойынша жауапкершілікке тартылады.

Зауыт жұмысын экологтармен әкімдік өкілдері тексереді. Ал оған дейін тұрғындарға шыдамдылық танытуға тура келеді. Заң бойынша шара қолданылады. Көрсетілген баптарға сәйкес айыппұл сомасы – шамамен 5 миллион теңге.
———————————————