Алматы облысында мың түйеден тұратын керуен шеруі өтті

Алматы облысындағы қасиетті Күрті жерінде мың түйеден тұратын керуен шеруі өтті. Аталған іс-шара Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін ұымдастырылған. Мың ойсыл қара төлін жетекке алған адамдар арнайы әзірленген бір шақырымдық жолды еңсерді.
Әлемдегі ең үлкен түйе керуенін жергілікті кәсіпкер Сыдық Дәулетов ұйымдастырды. Ол түйе шаруашылығымен ширек ғасырдан бері айналысып келеді. Шаруашылықта қазір бес мың ойсыл қара түлігі бар. Гиннестің рекордтар кітабына енуге арналған іс-шараға ол алты ай бойы дайындалған.

СЫДЫҚ ДӘУЛЕТОВ, КӘСІПКЕР:
— Бір қолда осы малдың бар екені тіркелген бе, осыны тексерудің өзіне үш ай уақыт кетті. Бірақ соңғы үш айда біз мына түйелерді үйретіп, дайындадық. Себебі бізде түйе көп болғанымен, оны мына жүргізіп үйрету, басына ноқта кигізу көп уақытымызды алды.

Әлемдік рекорд ретінде тіркелген ең алғашқы түйе керуені 2022 жылы Қытайда ұымдастырылды. Ол кезде аталған іс-шараға 365 түйе қатысқан екен. Ереже бойынша бұл жолы мың түйені жетекке алған адамдар бір шақырым жолды жүріп өтті. Бұл үдерісті Англиядан келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард-Уильям Стэннинг жіті бақылап отырды.

РИЧАРД-УИЛЬЯМ СТЭННИНГ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӨРЕШІ:
— Қазақ жерінде өткен түйе керуені жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп айта аламын. Алайда жол өте күрделі болды. Мен барлық ақпаратты осы жақтан Лондондағы бас кеңсеге жолдаймын. Арнайы тексеру жұмыстары аяқталған соң ресми жауап берілетін болады.

Әлемдегі ең үлкен түйе керуенін тамашалауға мыңнан астам көрермен жиналды. Ал жаңа әлемдік рекордттың тіркелгендігі туралы ақпарат үш айдан соң жарияланады.
———————————————