Түркістан қаласының тұрғыны Айзада Мейірбанова техника тілін еркін меңгерген. Ол осыдан жиырма жыл бұрын көлік жөндеу ісін қолға алып, бүгінде бұл кәсібін өмірлік серігіне айналдырған. Жергілікті жүргізушілердің көбі оны жақсы таниды. Өйткені көліктерінде қандай да бір ақау пайда болса, сенімді шебер ретінде механик әйелге барады.
Талай темір тұлпардың бойындағы ақауды тауып, жөндеп, қатарға қосып жүрген түркістандық көлік шебері Айзада Мейірбанова бұл салада жиырма үш жылдық тәжірибеге ие. Бұған дейін ол біраз уақыт тігіншілікпен, кейіннен саудамен айналысқан. Алайда көп ұзамай бұл жұмыстардың өзіне жақын еместігін сезіп, техникаға деген шынайы қызығушылығын аңғарады. Алғашқыда еңбегі ауыр болғанына қарамастан, көлік дөңгелектерін жамаудан бастап, біртіндеп өз ісін жолға қояды.
Бұл кәсіпке деген қызығушылық Айзада Мейірбановаға қанмен берілген. Әулеттегі ер азаматтардың көбі осы саланың қыр-сырын меңгеріп, еңбек етеді. Алайда қыз баланың көлік жөндеумен айналысқанына отбасы қарсы болған екен.
Иә, кейіпкеріміздің шеберханасы босаған емес. Мұнда көлігін жөндетуге елдің әр өңірінен арнайы келетін жүргізушілер де бар. Оның қолының ептілігіне көзі жеткен тұрақты клиенттері қайта іздеп келеді.
Шебер көмекке мұқтаж жанды ешқашан жолда қалдырмайды. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Уақыты сәйкес келмесе де, тіпті түн ортасы болғанына қарамастан, істі соңына дейін жеткізіп, көлікті жөндеп беруге тырысады.
Көлік шебері өңірдегі жүргізушілерге сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуді жалғастыра бермек. Алдағы уақытта шеберханасын үлкейтуді де жоспарлап отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.