Ұлытауда алаяқтықтың алдын алу үшін «Көршіңді сақтандыр» челленжі басталды

Елімізде алақтаярға алданғандардың саны артып барады. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, әсіресе зейнет жасындағылар қаскөйлердің арбауына көп түсіп жатыр. Осы қылмыстың алдын алу үшін Ұлытаудың тәртіп сақшылары арнайы челлендж бастады. Сенбеске амал қалдырмайтындардың әрекетінен қалай қорғануға болады?
Қас пен көздің арасында өзгенің ақшасын жымқыратын кибералаяқтардың әрекеті уақыт өткен сайын үдеп барады. Өзін полиция қыметкерімін деп таныстырып, сенімге кіретіндері қаншама. Мәселен, Жезқазған қаласының тұрғыны Елена Осипова екі рет сан соғып қалғанын айтады.

ЕЛЕНА ОСИПОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
— Алаяқтар ақшаны менің атымнан ашылған шотқа аударып, артынша шешіп алған. Бірақ, бір қызығы, менде шот жоқ. Қалай істегендерін білмеймін. Сондықтан сақ болу керектігін ескерткім келеді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көбіне қаскөйлердің арбауына егде жастағылар түседі. Қоңырау шалған пысықайлар өзін банктен, құқық қорғау органдарынан екенін айтады. Тіпті жасанды интеллект көмегімен дауысын өзгертеді. Сондықтан мұндай қылмыстың алдын алу үшін елімізде алғаш болып Ұлытау өңірінде «Көршіңді сақтандыр» атты челленж басталды. Осының аясында тәртіп сақшылары тұрғындарға жадынама таратып, алаяқтарға алданбау жолын түсіндіреді.

МЕРУЕРТ РАХЫМЖАНОВА, КИБЕРҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Биыл өңірде 168 дерек тіркелді. Оның 17-і сотқа жетті. 14-і әлі тергеріп жатыр. Жалпы келтірілген шығын – 390 миллион теңгеден асады. Ал челлендж аясында бүгінге дейін 50 мыңнан астам жадынама таратылып, 120 шағын баннер әзірленді.
Айта кету керек, Жезқазғанда биыл Ресей азаматы ұсталды. Күдіктіден Sim-box құрылғысы анықталған. Ол небәрі 4 күнде 32 мыңнан астам адамға қоңырау шалған. Салдарынан 125 қазақстандық зардап шекті. Ал жыл басынан бері елімізде 15 мыңнан астам телефон алаяқтығы тіркелді. Жапа шеккендердің дені – зейнейткерлер.
———————————————