Amazon Қазақстанды арзан әрі жылдам интернетпен қамтамасыз етпек

Мемлекет басшысының Нью-Йорктегі жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бүгін Президент қатысқан жиындарда табиғи ресурстармен қатар жасанды интеллектке көбірек екпін берілді. Бұл жағынан америкалық компаниялардың ұсынары мол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктағы ресми сапарының екінші күні кешегіден әлдеқайда қарбалас. Президент кестесі өте тығыз. Жиырмаға жуық кездесу өткізді. Дені – бәріміз күнделікті көріп-біліп жүрген алпауыттар. ExxonMobil, Сitigroup, Embraer, Chevron, Meta мен Amazon – солардың бірсыпырасы ғана. Нәтижесінде, келелі келіссөздер ауқымды келісімге ұласып, маңызды құжаттарға қол қойылды. Саяси серіктестіктен бастап, экономикалық ықпалдастыққа дейінгі мәселелердің бәрі қамтылды. Мәселен, Метамен Жасанды интеллект технологияларын дамыту бойынша уағдаластық орнаса, Amazon Қазақстанды жылдамдығы жоғары және арзан интернетпен қамтамасыз ететін болды.

ДЭВИД ЗАПОЛЬСКИ, AMAZON КОМПАНИЯСЫНЫҢ АҒА ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл – біздің Орталық Азиядағы алғашқы ірі және ең маңызды жобамыз. Мұны мақтан тұтамыз. «Қазақтелеком» компаниясымен бірге тұрғындарды жылдамдығы жоғары және арзан интернетпен қамтамасыз етеміз. Аталған жобаны ілгерілетуге ықыластымыз.

Екіжақты кездесулер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика мен шикізатқа ерекше назар аударды. Пайдалы қазбаға бай Қазақстанның бұл жайлы қаузауы орынды. Сонымен қатар көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тартуға да баса мән берілді.

ФРЭНК БРУНО, CERBERUS CAPITAL MANAGEMENT БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазақстанмен бірге Орта дәлізді дамыту әлеуетін, логистика және телекоммуникация салаларындағы мүмкіндіктерді жоғары бағалаймыз.

Енді назарды дөңгелек үстелге аударсақ. Американың бизнес өкілдері алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қазақстанның өңірдегі экономикасы ең қуатты ел ретінде Орталық Азияға Америка бизнесінің инвестициясын тарту және олардың кәсіп аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан білім мен инновацияға арқа сүйеген экономика құруды мақсат етеді. Бұл ретте цифрлық трансформацияға баса мән беріледі. Еліміздің экономикасы өңірдің өркендеуінде негізгі рөл атқарады. Қазақстанның мұндай биікті бағындыруына Америка бизнесі айтарлықтай үлес қосты. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық өсімі 6,5 пайызды құрады. Біз дамудың жоғары қарқынын сақтай отырып, ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізуге ниеттіміз.

Президенттің сапары әлі де жалғасып жатыр. Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Қасым-Жомарт Кемелұлы ТМД елдері ішінде бірінші болып сөз сөйлейді.
———————————————