Қ. Тоқаев Черногория, Украина және Еуропалық Кеңес президенттерімен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Американың бизнес алпауыттарымен кездесуден соң, өзге елдің де президенттерімен жүздесіп, келелі келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесті. Мемлекет басшысы еліміз Черногорияны Балқан түбегіндегі маңызды серіктесі санайтынын атап өтті. Яков Милатович екіжақты байланыстарды дамытуға айтарлықтай үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Оның айтуынша, Черногория қазақстандық туристер жиі баратын елдердің біріне айналған.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Қазақстан Президенті осынау аса күрделі ахуалға қатысты пікір білдіріп, қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес президентімен де келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаға ілтипат білдіріп, Қазақстан Ұйыммен екіжақты негізде, сондай-ақ C5+ форматы аясында серіктестікті арттыруды берік ұстанатынын жеткізді. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағы арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілетуге бағытталған саяси диалогтың қарқынды дамып келе жатқаны айтылды.

Осы сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық футбол федерациясының президенті Джанни Инфантиномен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы балалар футболын дамыту мен заманауи инфрақұрылым құруға бағытталған FIFA Arena бағдарламасын жүзеге асырып жатқаны үшін Федерацияға ризашылық білдірді. Джанни Инфантино Қасым-Жомарт Тоқаевқа футболға көңіл бөлгені үшін алғыс айтып, Федерацияның ұлттық футбол деңгейін көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.
———————————————