«Келешек мектептері»: жыл соңына дейін 36 білім ордасы ашылады

«Келешек мектептері» жобасы аяқталуға жақын. Осы бағдарлама бойынша елімізде 217 мектеп салу жоспарланса, соның 181-інде қазір балалар білім алып жатыр. Қалған 36 мектеп жыл соңына дейін ашылады. Бүгін «Курсив Инфрақұрылым форумында» ұлттық жобаның нәтижесі жарияланды. «Келешек мектептері» елдің құрылыс саласын айтарлықтай өзгертті, деп есептейді жобаға қатысушылар. Себебі құрылыс актісінің бәрі қағаз жүзінде емес, арнайы ақпараттық жүйеде қабылданған. Онда құрылыстың барлық сатысы ашық көрсетілген. Әр мектеп үш сатылы тәуелсіз техникалық бақылаудан өткен. Бұл бюджет ақшасын оңды-солды шашудан сақтады. Сөйтіп, жайлы мектепті жобалау сатысында-ақ, мамандар, құрылыс сметасын қасақана өсірмек болған мердігерлердің әрекетін тоқтатып, бюджеттің 156 млрд теңгесін үнемдеген. Жалпы, «Келешек мектептері» жобасына 1,4 трлн мемлекет ақшасы жұмсалды.
ҒАБИТ МАЛҒАЗДАРОВ, «SAMRUK-KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ БТ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Осы жобаның ерекшелігі – ол ауыл мен қаланың айырмашылығын болдырмау. Осы «Samruk-Kazyna Construction» салып жатқан 208 мектептің 40 пайызы ауылдық мекенде. Қазір ауылға барып көрсеңіздер, балалар өте қуанышты, ата-аналар риза. Үлкендер бата беріп жатыр. Құрылыс саласына да өте көп әсерін тигізді. «Келешек мектептерінде» бәрі цифрландырылған. Қағаз жүзінде біз ешқандай құжатқа қол қоймаймыз. Ол – екінші ерекшелігі.
———————————————