Ет бағасын негізсіз өсірген делдалдарға қатаң шаралар қолданылады

Ішкі нарықты жергілікті азық-түлікпен қамтуға мүмкіндік бар. Алайда сауда сөрелерінде шетелдік өнім әлі де басым. Ет пен ұн мол өндірілсе де, сыртқы нарыққа жөнелтілуде. Логистика мен өнім сақтау қоймаларының тапшылығы – бұған басты кедергі. Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, биыл бидай бітік шыққан. Шамамен, 24 млн тонна астық қамбаға құйылады. Ендігі міндет – осы өнімді ысырап қылмай, уақытылы жинап алу. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктер мен облыс әкімдеріне осындай тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, егін жинау науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 10 млн гектардан артық алқап орылып, 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
— Астық бойынша болжам 24 млн тонна деңгейінде бағалануда, бұл ішкі нарықтың азық-түліктік астығына, жем-шөпке, тұқымдық материалға қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуге әрі экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Жалпы, биыл майлы дақыл тұқымының шамамен 4 млн тонна көлемінде рекордтық түсімі күтілуде.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Ауа райының қолайсыздығы мен жанар-жағармай тапшылығы биылғы егін орағына айтарлықтай кесірін тигізуі мүмкін. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды. Орақ науқанындағы мәселелерге қатысты диқандардан 500-ге жуық өтініш түскен. Оның басым бөлігі Қостанай облысынан. Жергілікті шаруалар астық кептіру жабдықтарының жетіспеушілігі мен бидай бағасына алаңдаулы. Осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Облыс фермерлері кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қоса алмай жүр. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі қажет. Әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, алдын ала мәлімделген сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырамын. Жалпы солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстаңыздар. Ауа райының бұзылуы егін жинау қарқынына, астықтың сапасы мен көлеміне әсер етпеуге тиіс.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Үкімет отырысында Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев орақ науқанына тікелей әсер ететін ауа райы болжамын ұсынды. Жауапты ведомство өкілінің мәліметнше, осы аптада еліміздің астықты аймақтарында атап айтсақ, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында жауын-шашын мол түсіп, күн күрт суытады. Бұл жағдай егін орағын қиындатуы мүмкін. Осы тұста Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ауыл Шаруашылығы министрлігіне күзгі жиын-терімді уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Үкімет отырысынан кейін салалық министрлер баспасөз бирифингіне қатысты. Былтыр дәл осы кезеңде картоп бағасы күрт қымбаттағаны бегілі. Оған көрші елдерден сұраныстың артуы себеп болған. 600 мың тонна өнім сыртқы нарыққа экспортталды. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, биыл бұл жағдай қайталанбайды. Көкөніс қоры жеткілікті. Ал картоп егістігінің көлемі 11 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл ішкі нарықты қамтуға толық мүмкіндік береді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
— 2 млн 700 мың тонна картоп аламыз деп жоспарлап отырмыз. 1 миллиондайы жиналды. Фермерлердің бағасы алқаптарда 80-100 теңгеге дейін. Сондықтан бүгін сауда министрлігімен жұмыс жасап жатырмыз. Тұрақтандыру қорларына сатып алуға одан басқа сауда үйлері де шартқа отырып, қазіргі уақытт аос ыжұмысты жасап тастау керек. Былтыр осы жұмыс сауда үйлерімен жасалған жоқ.

Елімізде ірі қара саны артқанымен, ет бағасы неге қымбат? Сауда және Интеграция министріне тілшілер осы сауалды қойды. Арман Шаққалиев бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді. Бағаны негізсіз өсіріп отырған делдалдарға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Бүгінде 45 әкімшілік іс қозғалған.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Біздің өндірушілер баз, сауда желілері болсын, ет тапсыратын кезде кедергі болса, тіке хабарласады, мәселені бақылауға аламыз. Тұтынушыларға тиімді бағамен сатамыз.

Ет пен ұн мол өндірілсе де, экспортқа көп кетіп жатыр. «Логистика мен өнімді сақтау қоймаларының жетіспеушілігі отандық өнімнің нарықтағы үлесін арттыруға кедергі болып тұр», — деді жауапты мекеме басшылығы. Жалпы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау бұдан әрі жалғасады. Айта кетелік, жаңа салық кодексінде фермерлерге арналған салықтық жеңілдік 80 пайызға дейін көбейтілген.
———————————————