Киіктің көбеюі Ақтөбе шаруаларына миллиардтаған шығын әкелді

Ақтөбе облысының шаруалары тағы да киіктермен күресіп әлек. Дала жануары 12 мың гектар бидай мен күнбағыс алқабын таптап, шаруалар жинап қойған шөптің біраз қорын жойып кеткен. Ауыл тұрғындары Экология министрімен бетпе-бет кездесіп, егістіктің қазіргі жағдайын көрсеткісі келеді. Егіншілер неге кейбір өңірде басы артық киікті атуға рұқсат берілген, ал Ақтөбеде бұған тыйым салынғанын сұрайды.
Әйтеке би ауданының шаруалары үшінші жыл қатарынан киіктің көбейгенін айтып, дабыл қағып отыр. Киелі жануар саны жыл сайын көбейгенімен, шаруа қожалықтарының шығыны да артқан. Биыл тек бір ғана «Құмқұдық» шаруа қожалығының шығыны 400 миллион теңгеден асты. 17 мың гектар егістіктің жартысына жуығын киік таптап кеткен.

АЛЕКСАНДР ЧЕМОДАНОВ – «ҚҰМҚҰДЫҚ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
— Мемлекет оны қорғаса – қорғасын, бірақ жауапкершілікті де алсын. Біз экология департаментіне жүгінуге мәжбүрміз. Олар келсін, өйткені бізге: «Егінжайларыңды қоршап алыңдар», — дейді.100 шақырымды қалай қоршайсың? Бүкіл ауылды жауып тастаймыз ба? Киік бәрін таптап тастады.

Киіктердің егістікте жүргенін шаруалар биылғы мамыр айында хабарлаған. Сол кезде оларға көмекке жергілікті әкімдік арнайы көліктер мен 23 адамнан тұратын 8 топ жіберді. Олар шаруаларға дала жануарынан қорғануға көмектесуі, дәлірек айтқанда киікті егістіктен қууы тиіс болатын. Бірақ бұл шара нәтиже берген жоқ. Сондықтан шаруалар киікке қарсы түбегейлі шара қабылдауды талап етіп отыр.

МҰРАТ САТМАҒАМБЕТОВ – «ҚОНЫСБАЙ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Киік деген бес-он мыңдап жүреді, табын-табынымен, дала көк шаң. Қанша жыл киік болған жоқ, өссін деп үндеген жоқпыз. Жерді енді қоймай жатыр.
РУСЛАН ШҮІЙНШАЛИН – «АҚТӨБЕ ФО» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Экология министрлігіне сұрақ. Неге Батыс Қазақстан облысында, Қостанай облысында киік атуға рұқсат берілді? Ал Ақтөбе облысында неге рұқсат берілмейді? Бұл – шынымен де үлкен мәселе, халық не істерін білмей отыр. Бір шешім қабылдау керек. Экология министрі! Сізді Ақтөбеде күтеміз, өтінеміз, келіңіз, киіктің не істегенін өз көзіңізбен көріңіз.

Ресми деректерге сүйенсек, өңірде шамамен 300 мың бас киік бар. Бірақ шаруалардың айтуынша, шын мәнінде олардың саны әлдеқайда көп. Биліктен шұғыл шара қолдануды сұрайды. «Әйтпесе ауыл шаруашылығымен айналысу зор шығынға батырып жатыр», — дейді шаруалар.

НҰРБЕК РАЙМБАЕВ – АШБ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Бізде бар мәліметке сәйкес Әйтеке би ауданы бойынша 12 мың гектарға жуық егістік алқап жерлері киіктермен тапталды деген ақпарат бар. Тапталған егістіктерді өтеу, үстемеақы өтеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Оны анықтау, өтеу жағынан әдістеме бекітілмеген, үкімет тарапынан. Сондықтан өтеу мәселесіне бізде мүмкіндік жоқ.

Әйтеке би ауданының шаруалары киік атуға рұқсат берілсе, кезінде тоқтап қалған жергілікті ет комбинатының жұмысын қайта жандандыруға дайын екендерін айтады.
———————————————