Алматыда кадеттер арасында шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр

Алматыда кадеттер арасында шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Елімізде алғаш рет жалауын көтерген байрақты бәсекеде әлемнің 88 елінен 850-ге тарта спортшы шеберлік сынауда. Алатау бөктерінде бас қосқан балғындар үшін бұл өзара татулық пен достастықтың да сайысы.
Балуан Шолақ атындағы кешен бірнеше күннен бері шахмат алаңына айналды. Мұхиттың арғы жағынан, сары құрлықтан өзге де елдерден келген 8-10 және 12 жас аралығындағы шахматшылар шаршы тақтада өзара мықтыларды анықтауда. Алматы біздер үшін тек спорттық сайыс өткізуші емес, достықтың да қаласы, — дейді олар. Солардың бірі — Лукас Оңтүстік Африка елінен келген. Оның сенімді серігіне айналған жұмсақ ойыншығы өзгелерге де ыстық.

ҚАЙСАР БАТЫРБЕКОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
— Мен бес жасымнан бастап шахмат ойнаймын. Осы жерге келгеніме қуаныштымын. Жаңадан достар таптым.

ЛУКАС КООРТС, ОАР КОМАНДАСЫНЫҢ ШАХМАТШЫСЫ:
— Бұл мен үшін екінші әлем чемпионаты. Ал менің қолымдағы арыстан маған сәттілік әкеледі.

ЕСКАНДАР РУСТАМОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ ШАХМАТШЫСЫ:
— Осы жерде әлемнің әр елінен келген балалармен таныстым. Бұл өте тамаша емес пе. Достық өзара сыйластық пен тәжірибе алмасуда маңызы зор деп білемін.

Алматы төріндегі шахматшылар сайысына төрешілер де жоғары баға беріп отыр. Осындай сайыстар балғындар үшін болашақтың бастауы. «Сол арқылы олардың бойында спорттағы шеберлікпен қатар, мәдениет те қалыптасады», — дейді олар.

ХУСАН ТУРДАЛИЕВ, АРБИТР:
— Әр ойын тартысты өтуде. Әзірге, қай команданың топтан озарын айту қиын. Шахматшылар жас болғанымен, олардың арасында әлем, Азия біріншіліктерінде жүлдегер атанғандар да бар. Барлығын ойын көрсетеді.

ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШФ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
— Жекелей есепте біріншілік өткізіледі. Әрбір жас категориясы бойынша чемпиондар анықталады. Содан кейін қай мемлекет көп алтын алса, солар бірінші орынға шығады. Екінші критерий күміс, содан кейін қола. Кәдімгі, олимпиада системасы сияқты, алтынға көп көңіл бөлінеді.

Жас шахматшылар үшін алда әлі бірнеше турдың ойындары бар. Соның нәтижесіне сәйкес жүзден жүйрік шыққандар анықталады. Шаршы тақтадағы ойын қаншалықты қиын, күрделі болса да, Алматы олардың жадында достық пен татулықтың қаласы болып мәңгілікке сақталары сөзсіз.
———————————————