Қайрат – Реал матчы: билет бағасы 30 мыңнан басталады

Алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реалдың» ойнына билет бүгін кешкі сағат бесте сатыла бастады. Бағасы – 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін. Жарты сағат ішінде электронды билет кезегіне 133 мыңнан астам адам тұрған. Билетті тек Qairat SuperApp қосымшасы, клубтың ресми сайты, Ticketon және Freedom SuperApp қосымшасы арқылы ғана алуға болады. Басқа жерден алынған билетпен көрермен стадионға кіре алмайды. Бұл туралы «Қайрат» клубының әкімшілігі ескертті.
Тағы бір ескерер жайт, бір жанкүйер тек 2 билет сатып ала алады және міндетті түрде өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетуі керек. Электронды билеттер ойын басталғанға 6 сағат қалғанда электронды поштаға келеді. «Қайрат» Чемпиондар лигасын сырт алаңда «Спортингтен» жеңілістен бастады, ал «Реал» өз алаңында «Марсельді» ұтқан. «Қайрат» пен «Реал» арасындағы ойын 30 қыркүйекте Алматы орталық стадионында өтеді.
———————————————