Оқушылардың мектепте смартфон ұстауын шектеу қажет. Депутаттар осындай ұсыныс айтты. Ал ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар бұған не дейді?
Әлеуметтік желі, ойын, түрлі видео. Бүгінгі оқушының назары смартфонда. Мұғалім айтып жатқан тақырып, кітап, дәптер кейінгі орынға сырғығандай. Бұл мәселені Парламент депутаттары ашық көтеріп, мектеп қабырғасында телефонға қатаң шектеу қоюды ұсынды.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл – жеңіл шешім емес. Бірақ бүгінде еліміздің көптеген мектептері осындай ережелерді енгізіп, сол бағытқа бет бұрып жатыр. Мұндай бастаманы бірден түсініп, қолдай қою барлық ата-ана мен оқушы үшін оңай емес. Бірақ уақыт өте келе қоғамда бұл шешімнің мәні мен маңызын терең ұғынатын түсіністік қалыптасады.
Депутат ұлыбританиялық білім саласы мамандарының уәжін мысал ретінде келтіреді. «Смартфон балалардың назарын бөледі, сыни ойлауды дамытуға кедергі жасайды, ата-анамен және өзара қарым-қатынастың сапасын төмендетеді, тәуелділікті күшейтіп, психикалық денсаулыққа қауіп төндіреді», — дейді. Сондықтан, оқушылардың мектепке смартфон ұстауын шектеу керек. Мәжілісменнің бұл ұсынысын ұстаздар қоштап отыр.
МАҚСАТ ПАДСАБАЕВ, №87 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Өйткені балалардың қазіргі өмірі 24/7 гаджетпен өтіп жатыр. Сондықтан бұл жобасын енгізу өте дұрыс деп санаймын. Бұл жоба біздің мектебімізде Президенттің жарлығына дейін басталып кеткен, 2022-2023 оқу жылында мектеп директорының ұсынысымен енгізілді.
Ата-аналар бұл шешімге екі түрлі қарайды. Бірі қауіпсіздік үшін телефон керек десе, екіншісі баланың алаңсыз оқуына смартфон кедергі деп есептейді.
Ал Ұлттық білім академиясы басшылығы оқушының смартфон ұстауына толықтай тыйым салуды қолдамайды. «Қажет кезде ақылды құрылғыны сабақта қолдануға болады», — деп есептейді академия өкілі.
АИДА ӘБІЛӘКІМОВА, ҰЛТТЫҚ БІЛІМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— Бұл жерде толықтай тыйым сала алмаймыз. Егер халықаралық зерттеулерге қарасақ, әсіресе қазір жасанды интеллект дәуірінде технология құзыреттіліктерін дамыту өте маңызды. Себебі олар қазір телефонды ойын-сауық мақсатында қолдануды өте жақсы біледі.
Сабақ кезінде смартфонға шектеу енгізу нормасы елімізде былтырдан бері бар. Мектепте телефонды қолдану ережесін әр директор өзі бекітеді. Астанадағы бірқатар орта мектеп, Білім инновация лицейі, Назарбаев зияткерлік мектебі, физика-математика мектебі сияқты жетекші білім беру ордалары мұндай шектеуді әлдеқашан енгізіп қойған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.