Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның биік мінберінен осындай ой айтты. Бас Ассамблеяның 80-ші сессиясының Жалпы дебатында тағы қандай бастама көтерілді?
Биыл да бұл мінберден біраз бастама көтерілді. Түрлі түйткіл бойынша талай сөз айтылды. Трамптың тұжырымы, Ердоғанның ескертуі, Макронның мәмілесі… Әр тарап жаһандағы жайға қарай өз мүддесін жақтап, орнын нықтауға тырысты. Десе де дүниенің дүрмегін саралаған дүйім жұрттың ойы бір арнаға тоғысты. Ұйымға өзгеріс керек. Қасым-Жомарт Тоқаев та БҰҰ қабырғасындағы баяндамасын дәл осыдан бастады. Қару қолданудың қажетсіз екенін алға тартып, мемлекет басшыларының бейқамдыққа баруға құқы жоқ екенін жеткізді. Президенттің пікірінше, өзгеріс, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы тиіс.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды.
Қазіргі таңда Қазақстан секілді орта дерважалар әлемнің алып елдерінің бастары бірікпегенде мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айнала алады. Сонымен қатар соңғы уақытта ұйым жарғысы әркімнің әрекетіне қарай бұрмаланып жүр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдері БҰҰ Жарғысына бейіл екенін көрсетуі керек дейді. Қажет болса, жаңартқан жөн.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ — ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді.
Былтыр әлем елдері әскерге 2,7 трлн доллар жұмсаған. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Бұдан бөлек, жылдан жылға ядролық қару мәселесі де ушығып барады. Бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның қарулы қақтығыстарға қатысты да өз айтары бар. Мәселен, Украина дағдарысы мен Газадағы жағдай. Астана қақтығыстан гөрі келіссөзге иек артуды жөн көреді және БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындайтынын жеткізді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.