Қ. Тоқаев БҰҰ мінберінде Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға назар аударды

Біріккен ұлттар ұйымы қабырғасында, Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдің басшыларымен кездесу өткізді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Франция мен Финляндия президенттері, Бельгия мен Люксембург Премьер-министрі, Монако Князімен екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады. Жалпы, Президентіміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясындағы сөзі аса маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға ерекше назар аударды. Оған Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін қосу, сондай-ақ орта державалардың рөлін күшейту керектігін атап өтті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында осындай пікір жазды. «Президент қазіргі әлемдік дамудың терең үрдістерін айқындап көрсетті. Бұлардың қатарында сенім дағдарысы, халықаралық құқықтың әлсіреуі, милитаризация, климаттың өзгеруі, технологиялық алшақтық қаупі бар», — деді Мемлекеттік кеңесші.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
«Президенттің баяндамасынан жаңа жаһандық консенсусты, сенім мен ашықтыққа, жауапкершілік пен әділдікке, теңгерім мен ынтымақтастыққа, құқықтың берік сақталуы мен ортақ ынтымаққа негізделген жаңа әлемдік тәртіп архитектурасын қалыптастыру идеясы айқын көрінді. Маңыздысы, Президент БҰҰ мінберінен Қазақстанның халықаралық қатынастардағы мықты да жауапты субъект, дипломатия мен транзитте, энергетика мен технологияда алтын көпірге айналған ел ретіндегі әлеуеті мен ұстанымын анық байқатты».
———————————————