Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Қытайдың жаһандық даму және басқару саласындағы бастамалары бойынша жоғары деңгейдегі кеңесте сөз сөйледі. Жиында бірқатар ұсынысын да жеткізді.
Мемлекет басшысы бұл бастама халықаралық құқық үстемдігі, көпжақты институттарды нығайту сынды өзекті мәселелердің шешімін ұсынатынын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көреген басшылығы мен анағұрлым әділ, инклюзивті әрі тиімді халықаралық ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Осы орайда Қазақстан геосаяси және экономикалық сын-қатерлерге жауап беретін Қытайдың жаһандық бастамасын толығымен құптайды.
Сондай-ақ Президент 150-ден астам ел қосылған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының міндеттерімен үндес екенін және БҰҰ-ның негізгі мақсаттарына жетуге септігін тигізетінін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жаһандық басқару бастамасы, ең алдымен, цифрлық технологияға, қауіпсіз киберкеңістікке және ғарыш кеңістігіне әділ қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл нормативтік-құқықтық база мен жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық стандарттарын әзірлеу тұрғысынан өте өзекті.
«Осы орайда Қазақстан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру жөніндегі ұсынысын қолдайды», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.