Интернетте алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реалдың» ойынына билеттер сатылады деген жалған хабарландырулар шыға бастады. Алыпсатарлар билет құнын 1 миллион 200 мың теңгеге дейін көтеріп қойған. Құны қисынсыз болса да, футбол фанаттары алданып қалуы да әбден мүмкін. «Сондықтан билеттің түпнұсқасын сатып алғандар ғана үлкен футболдың ерекше атмосферасын сезіне алады. Абай болыңыздар», — деп ескертеді ұйымдастырушылар.
Билет жоқ. Алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы Чемпиондар лигасы ойындарына билеттер кеше небәрі 41 минутта сатылып кеткен. Билет құны 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін. Алайда бұл жерде де оңай олжа табуға асыққан жылпостар пайда болған. Клуб мәліметінше, билеттерді қолдан жасап, бірнеше есе қымбат бағаға заңсыз сататын жағдайлар тіркеліп жатыр екен.
АЗАМАТ АТАГЕЛДІ, FREEDOM TICKETON КОММУНИКАЦИЯЛАР ДИРЕКТОРЫ:
— Ең қызған сәтте біздің платформамызда бір мезетте 1 миллионнан астам қолданушы болды. Бірақ стадионның сыйымдылығы небәрі 20 мыңнан сәл ғана асады. Бұл – объективті шындық: барлық өтінішті қанағаттандыру физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Бүгінде барлық билет сатылды. Жанкүйерлерге ескерту жасаймыз: алаяқ сайттарға немесе «қолма-қол» ұсыныстарға сенбеңіздер. Бұл – қаражаттан айырылу және стадионға кіре алмау қаупі. «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынына билеттерді сататын ресми платформа – Freedom Ticketon.
Алдағы қыркүйектің 30-ында Алматы орталық стадионында өтетін «Қайрат» пен «Реал» ойынына билет тек Freedom Ticketon платформасы мен «Қайрат» ФК-ның ресми сайты арқылы ғана сатылған. Ал үшінші тұлғалардан алынған билеттер жарамсыз болып шығуы мүмкін және матчқа кіру шектеледі. Сондықтан, қолы жеткендер алып, ала алмағандар экраннан тамашалайды.
«Нақты электронды билеттер матч басталардан 6 сағат бұрын SMS арқылы жолданады. Freedom SuperApp қолданушылары үшін билеттер сол уақытта «Менің билеттерім» бөлімінде қолжетімді болады», — дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан алыпсатарлардан құны 1 миллион 200 мың теңге тұратын жалған билет алып алданып қалмаңыз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.