Астанада жұмысшы мамандықтарды дамытуға арналған халықаралық конференция өтті

Астанада ауқымды конференция өтті. Орталық Азия елдерінің өкілдері мен Еуропалық одақ сарапшылары бас қосып, жұмыспен қамту саласындағы үздік тәжірибе, саясат пен инновациялық шешімдер жайында пікір алмасты.
2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған еді. Бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған. Президент еңбек нарығындағы нақты қажеттіліктерге баса назар аударып, техникалық және жұмысшы кадрлерді дайындау ісін күшейтуді тапсырды.
Конференция «Орталық Азиядағы білімді жастар үшін диалог пен іс-қимыл» атты «Дария» жобасы аясында ұйымдастырылды. Мамандар біліктілік пен жұмыс күшін дамытуға бағытталған нақты бастамалармен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Шетелдік сарапшылар мен отандық мамандар «Кадр тапшылығын қалай шешуге болады?», «Жастарды заманауи нарыққа қалай бейімдейміз?» деген сауалдарға жауап іздеді.

АЛЕШКА СИМКИЧ, ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ ЕЛШІСІ:
— Техникалық мамандықтар мен инженерия саласына баса назар аудару қажет. Бүгінде Еуропалық компаниялар тарапынан бұл мамандықтарға сұраныс артып келеді. Мақсатымыз – еңбек нарығындағы заманауи әрі сұранысқа ие кәсіби дағдыларды дамыту.

Елімізде маман даярлаудың жаңа жүйесі кәсіптік стандарттарға негізделіп, жұмыс беруші талаптары тікелей оқу бағдарламасында ескеріледі.

ЕРАСЫЛ ЖҰМАНБАЕВ, ЕРД ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Еуропа одағымен бірлесіп, Қазақстандағы дағдыларын банкісін жаңарттық. Мысалы Еуропадағы аспазшы маман қандай дағдылармен даярланатын болады. Қазақстанда да сол дағдылармен дайындау көзделген.

Бүгінде еңбек нарығына цифрлық платформалар белсенді енгізілуде. Enbek.kz порталы арқылы азаматтар жұмыс іздеп қана қоймай, жаңа мамандықтарды да меңгере алады. Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған цифрландыру мен еңбек нарығын жаңғырту бағытындағы нақты қадамдардың бірі.

ЕРНАТ ЖҮНІСОВ, ЕРД ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Еуропалық біліктіліктер базасының талаптары бар. Сол базаны біртіндеп, қалыптастырып, 12 мыңға тарта біліктіліктерді енгіздік.
Орталық Азия елдері бұл бастамалардан шет қалмайды. Мәселен, Тәжікстан секілді көршілес мемлекет еліміздің еңбек нарығында цифрлық платформаларды енгізу тәжірибесіне қызығуышылық танытып отыр.

ЖАМШУТ КУДУСОВ, ЕҢБЕК НАРЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ /ТӘЖІКСТАН/:
— Біздің елде жұмыс орындары аз. Қазақстанда еңбек нарығына цифрлық үдерістер енгізілуде. Бұл біз үшін үлгі. Сондықтан осы бағытта тәжірие алмасу маңызды. Бұл жасанды интеллект пен жаңа технологиялар дамыған дәуірде аса қажет.

Жоба үйлестірушісі «Еуропалық одақтың «білім беру қоры» болашақта сұранысқа ие мамандықтар тізімін дайындамақ. Шетелдік мамандар жастардың кәсіби даярлығын дамытуға қолдау көрсетпек.

САМУЭЛЬ КАВАНАГ, DARYA ЖОБАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:
— Көлік логистикасы – экономиканың күре тамыры. Сондықтан осы саладағы мамандықтарға сұраныс қашан да жоғары болады. Сол себепті инженерлік және теміржол саласына көп көңіл бөлудеміз. Еңбек минисрлігімен бірлесіп оқыту әдістемелерін жетілдіріп жатырмыз.

Конференция мемлекет пен бизнес, білім беру ұйымдары мен халықаралық сарапшылар арасында тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік берді. Сарапшылар мұндай алаңдар Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жастарды заманауи еңбек нарығына бейімдеуге жол ашады деп отыр.
———————————————