СҚО-да ішімдіктен бас тартқан елді мекен саны 20-ға жуықтады

Солтүстікте ішімдіктен бас тартқан елді мекен саны 20-ға жуықтады. «Байсалды ауыл» жобасын қолдаушылар таңда жүгіріп, кешке домбыра тартады. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Құралай ауылы да осы ұстанымға көшкен.

Құралай – облыс орталығынан 130 шақырым жерде, яғни шекара шебінде орналасқан ауыл. Түтіні түзу, тұрмысы оңтайлы. Ақсақалдар алқасының ұйытқы болуымен елді мекен тұрғындары бірауыздан «Байсалды ауыл» жобасын қолдады. Яғни халық алкагольді ішімдіктен жаппай бас тартты.

ДӘУЛЕТЖАН БӘКІРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
– Ежелден біздің ауыл үлгілі ауыл болатын. Шет жердегінің бәрі мақтайды. Халықтың 60-70 проценті темекі тартпайды. Арақ ішпейді. Мен сонысына қуанамын. Сондай оңды болды. Қазір ауылымыз көркейіп жатыр. Әттең, азайып қалды. Бұрын 150 үй болған.

Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда ұрлық-қарлық тиылған. Яғни біреудің ала жібін аттау атымен жоқ. Жастардың дені спортпен айналысады. Осылайша, берекелі елдің берік байламы көз сүйсінтеді.
———————————————