Орал іргесіндегі Жаңаөмір ауылында жоқ жоқ, қоғамдық көлік қатынамайды

«Ауылымыздың аты затына сай емес». Облыс орталығынан 25 шықырым жердегі Жаңаөмірліктер осылай дейді. 4 мыңнан астам тұрғыны бар округ орталығында жылдар бойы қордаланған мәселе көп. Жол салынбаған. Жарықтың жануынан сөнуі көп. Жығылғанға жұдырық, екі айдан бері ауыл мен Орал қаласы арасындағы қоғамдық қатынас та тоқтаған.
Ауылдағы 9 көшеге, ұзындығы 5,1 шақырым жол санынады деп жоба-сметалық құжат жасалынған. Қағаз жүзінде жасалды, қалды. Көліктен көтерілген шаңнан ауыл іші тұнып тұр. Жаңа өмірдің байырғы тұрғыны Абат ақсақал ауылда жаңа өмір болмай тұрғанына қапалы. Көшелер қоқысқа толды. Жарық та жарытусыз. Қаптаған бұралқы ит те қауіпті. «Бұрынғы күніміз бұдан тәуір еді», — дейді.

АБАТ ҒАЛЫМОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Айналада ит көп. Балаларды күтіп отырамыз. Екі ортаға барып келем. Сабақтан қараңғы түскенде келеді. Иттен қорқамыз. Өзіміз ештеңе емес, балаларды тістеп ала ма деп қорқамыз. Осы отырысымыз. Бұрын ондай емес еді. Жол салады, жол саладымен әлі тұр.

Ауыл халқы негізінен Орал қаласына қатынап жұмыс істейді. Облыс орталығына дейін бар болғаны 25 шақырым. Осы күнге дейін қызмет көрсетіп келген 3 қоғамдық көлік тоқтап қалған. Енді таксидің қызметі қызып тұр. Алайда олар да жолаушы толмаса орындарынан қозғалмайды. Есесіне жолақыны өсірген.

АҒИЛАШ МАСИЛОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— 500 теңгеге көтеріп қойды. Біздің жалақымыз көп емес. Әрине, тең жартысы таксиге кетеді. Такси сосын ішке кірмейді. Осы жерден тастап кетеді.

ВЕРОНИКА НЕФЕДОВА АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Әрине, керек. Жол шығыны да аз болады. Күніне жоқ дегенде 1500 теңге таксиге төлеймін. Мен жаттығуға барамын. Ауылдан шығып кету де қиын. Таксимен қайтуға тура келеді.

Қоғамдық көлікті қалпына келтіру үшін осы айдың соңына дейін конкурс жарияланбақ. Бірақ облыс орталығынан 50 шақырымға дейін болғасын, қызметтің бұл түріне субсидия төленбейді екен. Ауылдағы электр бағандарының да әбден тозығы жеткен. Жаңа өмірліктер жаңа мәдениет үйі салынады дегенде бөріктерін аспанға атып, қуанған. Алайда бірнеше жыл өтсе де, тек іргетасы ғана тұр.

ЕРБОЛ ИСЕЕВ ШАҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Барлық мәселе қаражатқа тіреледі ғой. Үлкен көлемде қаражатты қажет етеді. Ол қаражатты біздің округ бюджеті де, аудан бюджеті де көтере алмайды. Аталған мәселелерді шешуге Республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі керек деп есептеймін.

Жаңа өмірдегі тұрмыс-тірлік осылай жалғасып жатыр. Ауылымызда жаңа өмір қашан туады деп тұрғындар ертеңгі күнге үміт артумен келеді.
———————————————