СҚО-да тасқынға дайындық жұмыстары басталып кетті

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынға дайындық жұмыстары басталып кетті. Жылда Есіл өзінінен қауіп төнетін бірнеше ауыл қатаң бақылауға алынды. Тепличное, Прибрежное және Бескөл ауылын қоршай салынған бөгеттер қайта нығайтылып, бетондалып жатыр. Мамандар бар шаруаны қысқа дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Тақырыпты теріскейдегі тілшіміз Самат Қайырденұлы тарқатсын.
Тепличное – Петропавл іргесінде орналасқан, 400-ге жуық түтіні бар елдімекен. Биыл көктемде Есіл өзені арнасынан асып, су мұндағы үйлерге дейін жақындаған болатын. Салдарынан 700-ден астам адам алдын ала эвакуацияланды. Сондықтан болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін ауылды қоршай салынған былтырғы бөгет қайта нығайтылуда. Яғни Балтық теңізі деңгейі бойынша есептеу жүргізіліп, топырақ үйіндісінің биіктігімен ені ұлғайтылды. Енді бетондалып жатыр.

ВЛАДИСЛАВ КАШАПОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
— Қазір бұл іске 80-ге жуық адам мен 150 техника жұмылдырылған. Алдымен мамандар топырақ үйіндісін көтереді. Содан соң жақтауларын шығарады. Артынша оны бетонмен толтырамыз. Шамамен күніне 300-350 текше мерт бетон құйылуда. Қажетті материалдардың барлығы бар.

Дәл осындай шаруа ерке Есіл бойында орналасқан Прибрежное және Бескөл ауылдарында да атқарылуда. Үш елді мекенде жаңғыртылып жатқан бөгеттің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады. Оны бетондау үшін облыстық және республикалық резервтен 8,1 миллиард теңге бөлінді.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Жалпы ауданда су басу қаупі бар 12 елді мекен анықталды. Бүгінгі күні Долматова, Большая Малышка, Ольшанка, Приишим, Кривоозерка сынды ауылдарда да жұмыс басталып кетті. Бәрін техникалық қадағалау мамандары бақылап отыр. Кейін нысандарды қабылдап алу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылады.

Айта кету керек былтыр өңірде төрт мыңға жуық үйді су басты. Оның жартысы апаттық деп танылып, бұзылды. Сондықтан өткеннен сабақ алған билік, биыл қауіпсіздік шараларына ерте қамданды. Қараша айының соңына дейін шаруалар аяқталады деген жоспар бар.
———————————————