Аграрлық ғылымға 5 жылға арналған қаржыландыру тетігін енгізу қажет – депутаттар

Елімізде аграрлық ғылымның жайы көңіл көншітпейді. Сенаторлар салаға түбегейлі өзгеріс қажет деп санайды. Айтуларынша, бұл бағытқа бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Мысалы дамыған елдер жалпы ішкі өнімнің 4 пайызға жуығын ғылыми зерттеулерге жұмсаса, Қазақстанда бұл үлес бір пайызға да жетпейді. Соңғы 35 жылда аграрлық ғылым бірнеше рет реформаға ұшырағанымен, нақты нәтиже жоқ. Ғылыми зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықтар саны екі есе қысқарған. Ал ғылыми қызметкер саны 7 есе азайған. Қаражат тапшылығынан көп ғалым зерттеуін жалғастыра алмай отыр. Сондықтан ғылыми байқаулардан тыс, кемінде 5 жылға арналған қаржыландыру тетігін енгізу қажет деп санайды сенаторлар.
ӘЛИ БЕКТАЕВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
— Аграрлық ғылымды халықаралық деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық бастама қаражатсыз қалып отыр. Осыған байланысты аталмыш бағдарламаны республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін инфрақұрылымын жаңғыртуға үкімет тарапынан нақты қолдау көрсетуді ҚР ауыл шаруашылығы Ғылым және білім министрлігі Қаржы министрліктерімен бірлесіп, кезең-кезеңімен бағдарламаны іске асырудың нақты тетіктерін айқындауды сұраймыз.
———————————————