Он сегіз жасқа толған бозбалалар бұдан былай Отан алдындағы азаматтық борышын өтегісі келетін әскери бөлімді өзі таңдай алады. Ол еліміздің Қорғаныс министрлігі іске қосқан MyArmy.kz интернет-порталы арқылы жүзеге асады. Сала басшыларының мәлімдеуінше, бұл жаңашылдық әскерге шақыру рәсімін жеңілдетіп, комиссиялар жұмысының ашықтығын арттыра түседі.
Қонаев қаласындағы 58012 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Айсат Жолдасқали әскери қызметті цифрландыруға арналған жаңашылдықтарды қолдайтынын айтты. Себебі ол мұнда Атырау облысындағы Индер ауданынан шақырылған. «Ол кезде мұндай жүйе болмады. Бізден кейін шақырылатын жастар енді онлайн-өтінім жолдап, өзі тұратын қаладағы әскери бөлімдерді таңдай алады. Бұл өте тиімді», — дейді ол.
АЙСАТ ЖОЛДАСҚАЛИ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
— 18-ге толған жасөспірімдер қазіргі таңда өзінің баратын бөлімін өз еркімен ғаламтор арқылы таңдай алады. Ал ол жастарға қандай жеңілдік алып келеді? Психологиялық және моральдық түрде өте жеңіл болады деп ойлаймын.
НАУРЫЗХАН ТӨЛЕУОВ, БАТАЛЬОН КОМАНДИРІ:
— Қазіргі жағдайда Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен шығарылған цифрландыру платформасы өте ыңғайлы. Біріншіден, ол жақын-жуығымен апта сайын кездесіп тұруы, сейілдемеге шыққан кезде өз ата-анасымен кездесіп тұруы – барлығы моральдық-психологиялық тұрғыда сарбазға жақсы әсер етеді.
Дегенмен қанша адам болса, сонша пікір болатыны заңдылық. Қонаев қаласы тұрғындарының бұл жаңашылдыққа деген көзқарасы әркелкі. Жастар жағы қызу қолдайтынын айтса, аға буын: «Бұл дұрыс емес», — деп есептейді.
Мерзімді қызметтің жаңа форматтағы «SARBAZ+» жүйесі Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде пилоттық жоба ретінде жүзеге аса бастады. Тиімділігі дәленденсе, ол кейін еліміздің барлық өңірін қамтиды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.