ШҚО-да ғарышкерлердің ас мәзіріндегі айран өндіріледі

Ғарышкерлердің ас мәзіріндегі сусындардың бірі Шығыс Қазақстан облысында өндірілетінін білдіңіз бе? Құрамына бифидум қосылған айран жергілікті фермада дайындалады. Өндіріс орнына Қызылорда облысының өнер күндері аясында шығыс өңірінде жүрген делегация бас сұғып, ғарышкерлер ішетін айранның дәмін татты. Одан соң күрішті өлкенің өнерпаздары филармонияда Өскемен халқына концерт қойды. Жиналған жұрт «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмені де тамашалады. Өңірлер арасындағы байланысты күшейтетін мұндай сапарлар кезінде осы облысқа басшылық еткен Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған. Дәстүр әлі де жалғасын тауып жатыр.
ҒАЛИЯ ДАНИЯРОВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Өзім өнерді жақсы көрем. Тыңдап өстім. Енді сыр елі – жыр елі болғаннан кейін өзіміздің аты шулы әншілеріміз бар, күйшілеріміз бар, домбырашыларымыз бар. Солардың өнерін тамашалайын деп келдім.
———————————————