Елордада үлкен экранда «Жұмбақ қыз» романтикалық комедиясының тұсауы кесілді. Отандық туынды 9 ай толғанып, Алматы мен Қапшағайдың көрікті жерлерінде 21 күнде түсірілген. «5 СТУДИЯ TV PRODUCTION» серіктестігі мен жеке кәсіпкер «РАКИШЕВ» студиясы әзірлеген жаңа фильмге алғашқы көрермен куә болды. Романтикаға толы кино бүгіннен бастап барлық кинотеатрда көрсетіледі.
Енді ғана шымылдығын ашқалы тұрған жаңа фильмді көруге ынтыққандар қарасы қалың. Бәрі де, аты жұмбақ киноның жұмбағын шешкісі келетін сияқты. Шынымен де, жұрт назарын фильм бірден баурап алды. Әу дегеннен кино құмар ойынға берілген басты кейіпкер – Айарудан басталады. Әкесі өмірден өткеннен кейін депрессияға түскен қыз өзін жоғалтып алғандай. Түсініксіз ортаға түсіп, құмар ойынның қызығына беріледі. Осыны көріп, жамандықтан сақтандырғысы келген анасы мен ағасы қатаң шара қолданады. Ауылдағы марқұм әкесі негізін қалаған фермаға апарып тастайды. Қызық осы жерде басталады. Жас актриса: «Өз рөлімді сомдауға барымды салдым», — дейді.
АҚНҰР РАХАТ, АКТРИСА:
— Иә, форматы романтикалық комедия болған соң, өте жеңіл форматта болады. Бірақ айтар ойы бар. Рөлімізді жақсы алып шықтық деп ойлаймын. Барлық көрерменді шақырамын. Ккүйбең тірлікті ұмытып, кинотеатрға барып, бір рахаттанып қаласыздар.
Ерке өскен қала қызы ауылдағы мал фермасындағы өмірге көндіккісі келмейді. Осы кезде шаруашылық жүргізушісі Шыңғыс кездеседі. Шыңғыс екеуінің арасындағы ұрыс-керістен басталған қарым-қатынас уақыт өте келе тәтті сезімге ұласады. Бірақ жігіт ауылдағы ауқатты, ықпалды кісінің қызы Нұршатпен сөз байласып, той күнін белгілеп қойған болатын. Оқиға осылай шиеленісе береді.
ТОЛҚЫН СЕЙДОЛЛАҚЫЗЫ, ЖОБАНЫҢ БАС ПРОДЮССЕРІ:
— Комедиялық жанрда еңбек етіп жүрген, ең талантты деген актер, актрисалар ойнады. Жастардың әдемі дуэті бар. Бұл жобада ыстық сезім, таза махаббат, әрине, өкінішсіз тағы болмайды. Сағынышы бар, сатқындығы бар әдемі өрілген оқиға.
Шым-шытырық оқиғаға толы фильмді көруге келгендер көп. Тіпті залда ине шаншар жер болмай, көп көрермен баспалдақта отырды. Тым тырыс, кино оларды баурап алды.
«Махаббат үштігі», әрине, талас тартысты болды. Тыныштық іздеп ауылға барған Айару да махаббат шытырманынан шыға алмады. Бірақ нағыз махаббат жеңді. Жұмбақ шешілді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.