Елімізде тамыз айында басталған ауыл шаруашылығы санағының екінші кезеңі жалғасып жатыр. Қазанның 20-сына дейін үй-үйді аралап жүрген интервьюер мамандар халықтың қорасындағы мал-құсынан бастап, бау бақшасындағы әр жеміс-жидегіне дейін санап шығуға тиіс.Тұрғындардың қолындағы бары есепке алынып, электронды жүйеге тіркеліп жатыр. Қостанай облысының тұрғындары да, 20 жылға жуық уақыттан кейін есік қаққан санақшыларды қарсы алуда.
Бұл – арнайы киім киіп, сақадай сайланып келген интервьюерлер, санақшылар. Өңірде санақ жұмысымен 200-дей маман айналысып жатыр. Бұл жолғы санақтың бұрынғыдан ерекшелігі офлайн кезеңде қолында планшеті бар интервьюерлер ауылдағы үй-үйді аралап сауалнама жүргізеді. Яғни иелігінде малы бар, құс өсіретін азаматтың мәліметтерін толтырады.
ТӨЛЕГЕН ФАЗЫЛХАНОВ, ИНТЕРВЬЮЕР:
— Біз 22 сұрақ қоямыз. Жер телімі бар ма, көлемі қанша, егіншілікпен айналыса ма? Яғни бақша еге ме, ауыл шаруашылығын жүргізе ме, мал ұстай ма, жоқ па? Шамамен қанша шаршы метр жерге егіс егеді? Әрқайсысы әртүрлі жауап береді.Тіпті есігін ашпайтын кісі де бар. Кейбіреулер бас тартады, сөйлескісі келмейді. Мұндай жағдайда әкімдіктің көмегіне жүгінеміз, олар түсіндіреді.
Атап өтерлігі, бұл ақпарат басқа мемлекеттік органға таратылмайды. Яғни бір азаматта осынша мүлік бар, осынша мал бар деген ақпарат көрсетілмейді. Тек жалпы халық тұрмысы екшеленіп, ауыл шаруашылығы ахуалы жайлы дерек жиналады. Сондықтан барлық азаматқа мәліметін еш қорықпай, бүкпелемей ашық түрде жариялауына болады.
НАТАЛЬЯ ЮРКЕВИЧ, ЗАРЕЧНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Сұрақ қиын емес, бірақ біз қияр-қызанақты шаршы метрмен есептемейміз, тамырмен санаймыз. Біз неше түп қияр еккенімізді айта аламыз, ал аумағын, шаршы метрін шығару қиын. Шаруашылық аумағын да дәл есептеу бізге біраз ауырлау.
Бұл науқанның өз салмағы бар. Жинақталған мәлімет еліміздегі бүкіл ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты шешім қабылдауға негіз болады. Соңғы рет ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылы өткізілген. Биылғы шара 20 қазан аяқталады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.