Қазақстанда жыл сайын 5 мыңға дейін адам із-түзсіз жоғалып кетеді. Олардың шамамен бестен бірі – бала. Ресми статистика осындай. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алу мақсатында Сәтбаев қаласында профилактикалық іс-шаралар қолға алынды. Яғни бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы сабақтар беріле бастады. Оның тиімділігі қандай?
Күнделікті өмірден көріп жүрген көріністің бірі ғана бұл. Көршімін деп келсе, көбінде ешқандай күдік те болмайды. Есікті айқара аша саламыз. Ал Раяна есімді қыз үйге табан аудармақ болған бұрымдыны табалдырық аттатпады.
Бұл да бір қарағанда қарапайым жағдай болып көрінуі мүмкін. Бірақ қазір сирек кездесетін жайт. Бірақ бала болмашыға алданбады. Бөтеннің сөзіне ермей, анасына қоңырау шалып, өз жолымен кете барды. «Бұл тосыннан туған әрекет емес. Тәжірибе мен тұрақты сабақтың нәтижесі», — дейді бала қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы.
АЛЁНА КАБАТАЕВА, БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
— Балаларға жай ғана «бейтаныспен сөйлеспе» деп айту жеткіліксіз. Оған бұл жағдайды іс жүзінде қалай болатынын көрсету керек. Біз осы бойынша ойындар өткізіп, күнделікті өмірде кездесуі мүмкін сценарийлер дайындаймыз. Сол арқылы ғана балада нақты реакция қалыптасады. Ең бастысы, «жоқ» деп айтуға қорықпауы керек. Көмек шақырудан ұялмай, өзінің қауіпсіздік құқығы қажеттілік екенін білуі қажет.
Бұл маман 6 жастан асқан балаларға көшедегі сақтық әрекеттерін, ұрлау жағдайында қалай әрекет ету керегін сөзбен айтып қана қоймай, нақты қойылымдар арқылы көрсетіп, үйретеді. Жаттығу кезінде бейнероликтер мен теорияға да жүгінеді. Сондай-ақ ата-аналармен де етене жұмыс істейді.
ҚАЙРАТ СМАҒҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір педофилдер немесе бөтен адамдардың балаларды алдап-арбағысы келетін жағдайлары аз емес. Сондықтан бала «жоқ» деп айтуға дайын болуы керек, көмек сұрап, ата-анасына немесе полицияға хабарласуы тиіс. Күмәнді жағдайда бірден 102 нөміріне қоңырау шалу қажет.
Жыл сайын елімізде жүздеген бала із-түзсіз жоғалып жатады. «Сондықтан мұндай бастамалар аса маңызды», дейді полицейлер. Себебі басты мақсат – баланың өзін-өзі қорғай білуге үйрету. Осы ретте жаттықтырушы Алёна Кабатаева мен тәртіп сақшылары: «Қауіпсіздік бойынша негізгі сабақтарды әр ата-ана баласымен бірге өткені абзал», — дейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.