Астанадағы конференцияда эпилепсия мен сал ауруын оңалтудың тиімді жолдары талқыланды

Елімізде мүгедек балаларға арналған инновациялық оңалту құралдары кезең-кезеңімен енгізілмек. Осы мақсатта Астанада ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Ұлыбритания, Германия, Италия, Ресей, Қырғыстан, Тәжікстан, Қытай елінің білікті реабилитологтары қатысты. Мамандар эпилепсия мен сал ауруын оңалтудың тиімді жолдарын талқылады. Мәселен, Германияда қолданылатын арнайы костюмдер баланың бұлшық ет жүйесін белсенді етіп, өздігінен аяққа тұруына көмектеседі. Мұндай әдістемелер жыл сайын жаңарып, жетіліп келеді. «Ендігі міндет – осы озық тәжірибелерді өңірлердегі оңалту орталықтарына енгізу», — дейді мамандар. Бүгінде сырқат балаларды үй жағдайында кешенді емдеу шаралары оң нәтиже бере бастаған. Бұл – дәрігер, педагог, әлеуметтік қызметкердің бірлесіп жұмыс істеуі арқылы жеткен жетістік.
———————————————