«Бұл жігіттің тірлігі. Әйел адамға жараспайды» деген ұстамды жоққа шығарған орақшы Шымкентте тұрады. Күннің астында арнайы техникасымен шөп шауып жүрген әйелді көру қазір таңсық. Десе де елуге дейін бала тәрбиелеп, бір күнде техниканы меңгерген жұмысшы жайлы «Еңбек күні» қарсаңында айтуды жөн көрдік.
50 жастан асқан Диляра Орынқұлованың арнайы техникамен шөп орып жүргеніне биыл бесінші жыл. Коммуналдық салада он жылдан көп еңбек етіп жүрген ол, орақты алғаш рет қолына алғанда қатты қуанғанын айтады.
Әріптестерінің айтуынша, орақшы әйел ер мінезді, еңбекқор. Бірге жұмыс істейтін азаматтар оған көмектесуге тырысқанымен, өзі керісінше үнемі өзгелерге қол ұшын созып жүреді. Ауыр жұмыстан ешқашан қашпайды.
ӘБДІМАНАП УМАРОВ, ӘРІПТЕСІ:
— Дилярамен үшінші жыл биыл бірге істеп жүрміз, білмегенін үйретеміз. Жұмысын жақсы атқарады, бізбен бірдей істеп жүр.
ӘЛІМЖАН ЗИЯДА – БӨЛІМ ШЕБЕРІ:
— Жақсы жұмыс істейді. Ер адаммен бірдей жұмыс істеп жатыр. «Шаршадым, қиналдым, мен істей алмаймын», — деген емес. Әрдайым алда жүреді. Жұмысына көңіліміз толады. Ескерту деген болған емес. Ер адамдардан жақсы істемесе, нашар істемейді.
Жұмысшының сөзінше, сыпырғы ұстап жұмыс істегеннен гөрі техникамен айналысу өзіне әлдеқайда қызығырақ әрі жеңіл көрінеді.
ДИЛЯРА ОРЫНҚҰЛОВА – ОРАҚШЫ:
— Маусым біткенде біз қыстай басқа жұмыс істейміз. Сонда мотордың дауысын естуге көктемді аңсап күтеміз. Кейде көктем басталғанша, барып шамалы реттеп, майлаймыз, сол кезде бір құмарыңды қандырып аласың ғой. Өзің қызыққан жұмыс болса, шаршағаның білінбейді.
Үш баланың анасы жиырма жылын отбасына арнап, балаларын өсірген соң ғана арманына бет бұра алған. Ұлы да техникаға қызығады екен. «Балалардың арманына құлақ асып, өзіне ұнайтын ісімен айналысуға мүмкіндік беру керек», — дейді ол. Өйткені тек солай ғана еңбек жемісін береді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.