СҚО-дағы Бугровое ауылында үй құстары қырылып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бугровое ауылында үй құстары жаппай қырылып жатыр. Әзірге нақты қандай ауру тарағаны белгісіз. Мамандар өлекседен, судан және жем-азықтан сынама алған. Ал оның қортындысы жақын күндері белгілі болады.
Ауыл тұрғыны Наталья Кунаудың бірнеше күнде 60 құсы қырылып қалды. Қазір тек төртеуі ғана қалған. Сондықтан оларды сыртқа шығармай, қамап отыр.
НАТАЛЬЯ КУНАУ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Мына қаздың қозғалуға да шамасы жоқ. Көзі көрмейді. Қызуы да тым жоғары. Жүрсе айналып құлайды. Өкінішті. Қаншама еңбегіміз зая кетті.

Ал Ольга Чуяс биыл мемлекеттен 13 миллион теңге несие алып, өз ісін бастапты. Бұл қаржыға 1300 бас құс және қажет құрылғыларды сатып алған. «Ауру белгілері құс тұмауына ұқсайды», — дейді.
ОЛЬГА ЧУЯС, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Көктемде құс тұмауына қарсы вакцина салынғандары тірі жүр. Ал басқалары бірінен соң бірі өліп жатыр. Тек өткен түнде 200 тауық, 200 қаз тағы осынша броллер қырылды. Шығын өте көп. Сондықтан мемлекет көмектессе деген тілегім бар.

Құс өлікселері ветеринар нұсқауымен өртеліп жатыр. Мамандар құс тұмауы расталмағанын айтады. Яғни бұл жағдайда шығынға батқан тұрғындарға өтемақы төленбейді.

ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ, ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Сараптама қорытындысына сәйкес құс тұмауы теріс нәтиже берді. Қазір пастереллезге тексеріліп жатыр. Өлекселердің бауыры зақымданған. Яғни олар уланып қалуы да мүмкін. Сондықтан сумен жем- азықтан да сынама алынды.

Әзірге ауылда нақты қанша құс қырылғаны белгісіз. Қауіпті ошақ анықталған елді мекен карантинге жабылған жоқ. Ал ертеңнен бастап мұнда зарарсыздандыру жұмыстары басталмақ.
———————————————