Абай облысында қоңыр аю қаптап, шаруа қожалықтарына ойран салып жүр. Күндіз-түні малға шауып, қораға кіріп, ауыл тұрғындарын әбден әбігерге салған жыртқыштан халық үрейленіп отыр. Шаруалардың айтуынша, биылғы шығын бұрын-соңды болмаған мөлшерге жеткен. Ал аюды атуға рұқсат жоқ.
Аю қорасын бұзып кіріп, малын қырып кеткенін айтқан Мейрамғалым Жармағанбетов қазір өріске шыққанда қару асынып жүруге мәжбүр. Малдан бөлек, өздернің қауіпсіздігіне де алаңдаған шаруалар: «Аю жайлаудағы табынға да ойран салып жатыр», — дейді.
МЕЙРАМҒАЛЫМ ЖАРМАҒАНБЕТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:
— Менің ауылым Қапанбұлақ – бір ауыл. Егінбұлақ – көршілес ауыл. Жылқысына дейін жеп жатыр. Мына жағым Жарма. Жармадан маған жігіттер жеткізді. Қанша бас кеткенін білмеймін, бірақ айтты. Нарботаның өзінен бір жұма бұрын 17 басымды әкетті депхабарласты. Менен сегіз кетті. Жылқыдан үшеу кетті.
НҰРБАНУ ЖІГІТЕКОВА, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:
— Жаздан бері малымызды аю қырып жатыр. Мұнадай сұмдықты көрген жоқпыз, әлі күзге шекті жататын малымыз, бұзауымыз жайлауда. Екі сиырымызды жеді, бес-алты бұзауымызды жеді. Малшымыз жүреді, өзіміз жүреміз. Өзімізге де шаба ма деп қорқамыз.
Шаруалардың айтуынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Әкімдік уәде бергенімен, түбегейлі шара қолданылмаған. Бірақ биыл Жарма ауданында арнайы комиссия құрылған. Мамандардың айтуынша, тамыз айында Қалбатау ауылында аюлар омарта мен малғаүш рет шабуыл жасаған.
БЕРІК СӘМЕЖАНОВ, ЖАРМА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Комиссия құрамына жергілікті атқарушы орган өкілдері, құқық қорғау органдары, тиісті басқарма басшылары, сондай-ақ мемлекеттік үлгідегі аңшылық куәлігі бар және қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар 28 азамат енгізілді.
Әзірге аудан әкімдігі тұрғындардан жаңа шағым түспегенін айтып отыр. Десе де, қоңыр аюдың ауыл ішіне кіріп кетпесіне ешкім кепілдік бермейді, — дейді тұрғындар. Ауылды торлап жүрген аюдың нақты саны белгісіз. Ал жыртқыштың кесірінен шығынға батқан шаруаларға өтемақы төленіп жатқан жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.