Кадрлық ауыс-түйіс: Президент жаңа министрлерді тағайындады

Мемлекет басшысының жарлығымен Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі қызметінен босатылды. Оның орнына бұрынғы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Сондай-ақ Президент Жаслан Мәдиевті Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне бекітті. Президенттің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай соңғы кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдері тарапынан сұрақ көбейгенін айтып, Ақорданың ресми телеграм парақшасында түсініктеме берді.
РУСЛАН ЖЕЛДІБАЙ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ – БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
«Бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі. Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді».
———————————————