Римде Ұлы Абайға ескерткіш орнатылады

Римде Ұлы Абайға ескерткіш орнатылады. Ал Астанада бір көшеге саяхатшы Марко Полоның аты беріледі. Бұл туралы Италия президенті Серджо Маттарелланың Қазақстанға ресми сапары барысында белгілі болды. Ақордада Қазақстан мен Италия басшылары келіссөздер өткізді. Екі ел көшбасшылары тағы қандай мәселелерді талқылады?
Ақордада Мемлекет басшысы Италия президенті Серджо Маттарелланы салтанатты түрде қарсы алды. Бұл – оның елімізге жасаған алғашқы ресми сапары. Ол Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін ашты. Қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан мен Италия президенттері шағын құрамда келіссөздер өткізді. Кейіннен екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген форматтағы әңгіме жалғасты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикаға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия премьер-министрі Джордже Мелониге де сәлем жолдады. Ол биыл мамыр айында Астанаға келген еді. Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог жалғасып қана қоймай, сауда-экономикалық байланыстар да нығайып келеді. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 20 миллиард долларға жетті. Ал биылғы 8 айдың ішінде бұл көрсеткіш 11 миллиард доллардан асты.

СЕРДЖО МАТТАРЕЛЛА, ИТАЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, ел арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын.

Тараптар өзара сауда көлемін арттыруға уағдаласты. Мәдени байланыс та беки түсуде. Мәселен, Астанадағы бір көше итальян саяхатшысы Марко Полоның есімімен аталады. Ал Римде қазақ ақыны Абай Құнанбаевқа ескерткіш қойылады. Бұдан бөлек, Италия Астанада Орталық Азиядағы алғашқы мәдени орталығын ашады. Достық пен ынтымақтастықтың нығаюының белгісі ретінде Қазақстан Президенті Италия басшысын I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ал Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италия Республикасының ең жоғарғы марапаты – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін табыс етті.
———————————————