Қостанайда алғашқы қар қауды

Қостанайда алғашқы қар қауды. Ауа райының күрт құбылуы тұрғындар мен көлік жүргізушілерін әбігерге салды. Қар аралас жаңбыр мен көктайғақ жол апатының жиілуіне себеп болды.
Бұл – «Қостанай – Алматы – Екатеринбург» республикалық автожолы. 9 автокөлік тайып, жолдан шығып кеткен. Полицейлер машиналарды қар құрсауынан шығарып, жүргізушілерге көмектесті. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бір тәулік ішінде өңірде 12 жол-көлік оқиғасы болған. Зардап шеккендер жоқ. Қатты желден облыс орталығында ағаш құлап, көліктерге зақым келген. Көкшетау-Зеренді тас жолында да жаппай жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, қала шетіндегі жол бөлігінде 5 көлік соқтығысқан. Қазір оқиғаның мән-жайын анықталып жатыр. Жалпы, синоптиктер алдағы күндері күн күрт суытатынын айтады.
АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Ауа райының нашарлауы оңтүстік өңірлерде де күтіледі. Осылайша, 1 қазанда Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарында, ал екінші қазанға қараған түні Түркістан облысында жауын-шашын, жаңбырдың қарға ұласуы болжанады. Сондай-ақ 1 қазан күні күндіз ауа температурасы 5-10 градус жылулыққа дейін төмендеуі, 2 қазанда 1-3 градус үсік жүруі күтіледі.
———————————————