Атырауда кәріз суына тұншыққан тұрғындар шу шығарды

Атырауда кәріз суына тұншыққан тұрғындар шу шығарды. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс 5-қабатқа дейін сезіледі. Көпшілік ауа арқылы инфекция тараса жағдай қиындайды деп дабыл қақты. «Ал жергілікті билік бұл мәселеден хабардар, бірақ әрекет етпей отыр», — дейді тұрғындар.
Сасық иіске тұншыққан тұрғындардың шыдамы таусылған. ПИК-тен қайыр болмаған соң, дәлізге тараған арам суды жұрт шелектеп өздері тазалап жүр. Әсіресе егде жастағы адам мен балаларға қиын. «Жаман иістен тіпті есік-тереземізді аша алмай әбден қиналдық», — дейді көпшілік.

ЗАМИРА ЕРСҰЛТАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мына суды тоқтатып беруін сұраймыз. Біз барлық чатқа суреттерді жәбердік, бірақ ешкімнен ешқандай нәтиже жоқ. Келіп қарап жатқан ешкім жоқ. Ішінен құрттар шығып жатыр. Сасық ауа үйге кіріп жатыр. Балалар үйде маска киіп жүр. Сасықтан демала алмай жатырмыз. Иіс терезені ашсақ та, жапсақ та келеді.

Жөртөле аузы-мұрнына дейін суға толғанда, жарық сөніп қалады екен. Бұқара: «ПИК өкілдеріне талай рет айтқанбыз, бірақ тындырылған тірлік жоқ», — дейді. Ең қиыны, балаларға обал. Ал жергілікті билік тұрғындарға: «Мәселені алдағы он күнде шешеміз», — деп уәде берді.

МЕДЕТ ШӘКІРОВ, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Алдағы уақытта Авангард ықшам ауданы 3, 35 үйде орын алған жағдай канализация суының кетуі. Қазіргі таңда КСК тарапымен бірлесіп жұмыс жасалып жатыр. Әсіресе 21 мен 22 үй рұқсат бермей жатыр. Алдағы уақытта рұқсат берген жағдайда бәрін қалыпқа келтіріп, жасаймыз.
Бірақ қарашаны бұл сөз жұбата қойған жоқ. Өйткені көпшілік мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқанын айтады.
———————————————