БҚО-да мектеп директоры жұмысқа велосипедпен барады

Әлеуметтік желіде жұмысқа велосипедпен барып жүрген ауыл мұғалімінің видеосы кеңінен тарады. Оның бұл әрекеті желі қолданушылары тарапынан қолдау тапты. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген Медет Ғабрахимов Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Покатиловка ауылындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры екен.
Қарапайым велосипед Медет Ғабрахимовың сенімді серігіне айналған. «Бала кезімде әкем алып берген алғашқы велосипедім әлі есімде. Оған гүлдер тағып, қолымнан келгенше сәндегенмін. Сондықтан бұл мен үшін үйреншікті көлігіме айналды», — дейді ол.

МЕДЕТ ҒАБДРАХИМОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Велосипедтің ешқандай зияны жоқ. Жанар-жағармайды қажет етпейді. Қосалқы бөлшектер көп керек емес, көлік, машина сияқты. Сондықтан тиімді қатынас құралы деп ойлаймын. Велосипедпен жүру және салауатты өмір салтын ұстану денсаулыққа да пайдалы.

Білім ордасының ауласында велосипедтің түрі бар. Оқушылар ұстаздарына ұқсап бағуда. Мектеп директорына еліктеген ауыл балалары арасында да салауатты өмір салтына ден қойғандар артқан.

МЕРЛАН АЙШУАҚОВ, ӘРІПТЕСІ:
— Бұл да бір жағынан өмір салтын насихаттау, қалыптастыру мақсатында балаларға үлгі. Себебі содан кейін оқушылар арасында мектепке велосипедпен келетіндердің саны артты.

Медет Ғабдрахимов 2013 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы осы білім ордасына келген. Шәкірттерге ағылшын тілінен дәріс оқып жүр.

МЕДЕТ ҒАБДРАХИМОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Біз ауылдың интеллигенциясымыз. Сондықтан оқушылар болсын, ауылдың тұрғындары болсын осы мұғалімдерге қарап отырады. Сыртынан сын көзбен қарап отырады. Сондықтан дұрыс жүру, дұрыс сөйлеу, барлығы біздерге, мұғалімдерге, байланысты.

Әлеуметтік желі арқылы жұлдыз болған мектеп директоры шынайы өмірде қарапайым. Ауылдастары алдында сонысымен де сыйлы. «Оның білім саласындағы біліктілігімен қатар адамгершілігі де бір басына жетеді», — дейді әріптестері.

ШЕРХАН ИХСАНОВ, ӘРІПТЕСІ:
— Қарапайымдылығын айтып кететін болсақ, сен директормын демейді. Барлық жұмысқа белсене кірісіп кетеді.

Кезекті еңбек күні аяқталды. Сол сәт, сол көрініс. Велосипед мінген мектеп директоры да үйіне қайтып барады. Ертең жаңа күн.
———————————————