Алматыда «Білім берудегі шахмат» 3-ші халықаралық конференциясы мәресіне жетті. Екі күн бойы қазақстандық және шетелдік сарапшылар балалардың сыни ойлау қабілетіне, зияткерлігіне және өзіне деген сеніміне шахматтың қалай әсер ететінін талқылады. Бүгінде «Шахмат негіздері» пәні еліміздің бір жарым мыңнан астам мектебінде оқытылады. 2500-ден астам мұғалім арнайы дайындықтан өткен, ал кейбір жоғары оқу орындарында «Шахмат педагогі» қосымша бағдарламасы енгізілген.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШФ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Білім берудегі шахмат жобасын осыдан екі жыл бұрын бастадық. Алғашында 2023 жылы бізде тек 42 мектеп жоба ретінде іріктелген. Былтыр 600-ге жуық мектеп болды, ал биыл 1500 мектепте шахматты бірінші сыныптан бастап міндетті пән ретінде өткізіп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.