Астанада Азия көкпар лигасының жетінші турнирі өтті

Астана төрінде Азия көкпар лигасының жетінші турнирі өтті. Бұл жарысқа республикалық, облыстық деңгейдегі сайыстарға қатысып жүрген жеті команда жиналды. Шабандоздар тұлпарының қарқынын, өзінің ептілігін сынап көрді. Жеңісті Ерейментаудан келген команда алып кетті.
Осы доданың бел ортасында жүргендердің бірі – астаналық «Қараөткел» командасының мүшесі Біржан Мақан. Ол 14 жасынан бастап көкпарға қатысып келеді. Атқа деген құштарлығы оны осы спортқа жетелеген. Қазір өз командасының негізгі ойыншысына айналды.

БІРЖАН МАҚАН, «ҚАРАӨТКЕЛ» КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ /АСТАНА/:
— Көкпар басқа спортқа ұқсамайды. Қызықтары бөлек. Көкпарда 70-80% атқа байланысты. Ат жүрмесе, ойын болмайды.
Күн суық болғанына қарамастан, қазақтың қанына сіңген көкпар ойынын тамашалауға жұрт отбасымен келген. Әсіресе жастардың қызығушылығы ерекше.
Доданың қызған шағында шабандоздар серкені қағып әкетіп, қақпаға жеткізуге жанкештілікпен ұмтылды. Аттың қарқыны мен жігіттердің қайраты көрерменді дүр сілкіндірді.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орын Ерейментаудың «Ақмырза» командасына бұйырды. Екінші орын Астананың «Қараөткел» командасында. Ал үшінші орынды Ақкөлдің шабандоздары еншіледі. Астанадағы дүбірлі дода осылайша аяқталды. Бұл маусымның жабылуы емес, алдағы үлкен чемпионатқа дайындықтың бастауы болды.
———————————————