Алматыда кәсіпкердің жеке меншік үйін тонап кеткен ұрылар ұсталды. Оқиға Медеу ауданында осыдан екі апта бұрын болған. Бетперде киген үшеу үй иелерін тапаншамен қорқытып, байлап тастаған. Сөйтіп, қымбат әшекейлер, брендті сағаттар және қомақты қаражатты алып қашып кеткен. Келтірілген шығын 500 миллион теңге. Ұрылар ұзаққа барған жоқ. Үшеуі де ұсталды. Олардың екеуі – алматылық, біреуі – Алматы облысының тұрғыны. Бұрын сотталмаған. Тінту барысында жәбірленушілерге тиесілі әшекей бұйымдар мен сағаттар тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды. Олардың Алматыда болған тағы екі қарақшылыққа қатысы бар екені анықталды. «Тергеу жүріп жатыр», — дейді Ішкі Істер Министрлігінің өкілдері.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.