Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз қоқыс полигонын ашпақ болған ауыл әкімі жауапқа тартылды. Естеріңізде болса, қыркүйек айының басында «Жетінші арна» тілшілеріне Трудовая Нива елді мекенінің тұрғындары хабарласып, көмек сұраған болатын. Бұл жайында материал эфирге шыққан соң, экологтар жоспардан тыс тексерісті бастаған. Нәтижесі қандай?
Қыркүйек айының басында Трудовая Нива елді мекеніне жаппай қоқыс тасымалдана бастады. Себебі жергілікті әкімшілік ауыл іргесінен полигон ашу үшін 6 гектар жер учаскесін бөлген. Бірақ халықты ескертпепті. «Әрі санитарлық талап сақталмағандықтан бұл жаңалық төбеден жай түскендей болды», — дейді тұрғындар. Сондықтан бастамаға қарсы шыққан ағайын арнамыздан көмек сұрады. Материал эфирге шыққан соң экологтар жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
КҮЛСАЙРА ӘБУОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Тап-таза жерді былықтырып кетті. Ашық тамаша жерді бүлдіріп кетті ғой енді. Қоқыстың бәрі жан-жаққа шашылып жатыр. Мұны кім жинауы керек? Бескөл ашты ма, Бескөлден кісілерді әкеліп жинасын. Біздің сұрайтынымыз сол.
МҰРАТБЕК КАПИЗОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Журналистері шақырдық. Солардың көмегі көп болды. Әйтпесе бұл мәселе шешілмеуші еді. Рақмет. Қоқысты шығарып жатыр. Енді қалған қоқыстар бар әлі. Соны бәрін шығарып берсе…
Тексеріс бірнеше аптаға жалғасты. Анықталғаны әкімдік өкілдерінің қолында тек жердің құжаты ғана болған. Мұнда қоқыс әкелуге ешкім рұқсат бермеген. Әрі қоршаған ортаға келетін зиянды ешкім есептемеген. Сол себепті Бескөл ауылдық округінің әкіміне айыппұл салынды. Әрі ол 17 қазанға дейін барлық олқылықтың орнын толтыруға міндеттелді. Өйтпеген жағдайда іс сотқа жолдануы мүмкін.
ИГОРЬ ГАХ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Бескөл ауылдық округі әкімдігі апаратына нұсқама жіберілді. Яғни ондағылар мына учаскедегі қалдықтардың бәрін сыртқа шығарып, маңайды қайта ретке келтірулері тиіс. Мұнымен қоса лауазымды тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Қазір енді Қызылжар ауданында полигон салу үшін басқа учаске іздестіріліп жатыр. Жалпы жыл басынан бері өңірде 34 заңсыз қоқыс орны анықталған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.