Сарыағаш ауданының мұғалімдері ерекше балаларды оқытпай, жалақы алып келген

64 оқушы білімсіз қалды. Сарыағаш ауданының мұғалімдері ерекше балаларды оқытпай, жалақы алып келген. Бұл бір мектептегі жағдай емес. 23 білім ошағында осылай жалған есеп берілген. Мұндай дерек прокуратура жүргізген тексерісте анықталды. Үйінде сабақ оқыттық деген бала айлап ауруханада емделген. Мәселен, №16 мектептің бір оқушысы жыл бойы емдеу ғимаратында болса да, үйіне барып, білім бердік деген мұғалімге 319 мың теңге жалақы аударылған. Осылайша, мемлекетке 4 миллион теңгеден астам шығын келді.
ДІНМҰХАММЕД ЖҮСІП, ОБЛЫС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:
— Сарыағаш ауданының прокуратурасы инклюзивті білім беру саласында еңбек және бюджет кодекстерінің сақталуына талдау жүргізді. Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде бұл қаражат бюджетке қайтарылып, білім беру саласының 311 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мағыналас жұмыстар барлық қала-ауданда жүргізілуде.
———————————————