БҚО-дағы Қаражар ауылының жол мәселесі қашан шешіледі?

«Бізге жол керек!» Батыс Қазақстан облысы Қаражар ауылының тұрғындары осылай дейді. Аудан орталығынан 7 шақырым жердегі елді мекен халқы жылдар бойы жол азабын тартып келеді. Тіпті балабақша мен мектепке бару үшін азапты жолды жүріп өтуге мәжбүр.
Қаражар ауылы тұрғындарының жылда көретін күндері осы. Көктем мен күзде таяқ тастам жердегі аудан орталығына қатынау қиямет-қайым. Жазды күні амалдап жүруге болады. Ал жауын-шашын басталғанда көрмейтін қорлығымыз жоқ деген тұрғындар тағы да жиналды.

Халықтың жан айқайынан кейін 7,3 шақырым жол жөнделеді деп, құрылыс материалдарын жеткізген. Жоба құнын 829 миллион теңгеге бағалаған. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады.

РОЛАНД БОЯХЧАН, УЧАСКЕ БАСШЫСЫ:
— Бар болғаны 94 млн теңге бөлінді. Бірақ біз 300 млн теңгеден асатын жұмыс ауқымын орындадық. Енді қаржыландыруды тоқтатты. Соған байланысты біздің де жұмысымыз тоқтап тұр. Біз өз міндетімізді соңына дейін жеткізуге дайынбыз. Ақша мәселесі шешілсе, жолды толық аяқтап береміз.

АСЛАН ДАУБАЕВ, АУДАНДЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Аталған нысан бойынша қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан жұмыстар тоқтап тұр. Енді қаражат бөлінген жағдайда, аталған жұмыстарды жылдың аяғына дейін аяқтауға мүмкіндік бар. Бірақ қаражат мәселесі шешілмей тұр.

Бастапқыда жол жыл соңына дейін аяқталады деп сендірген. Алайда араға уақыт салмай шешімді ауыспалы деп жариялапты. Ал ауыспалы деп елді алдарқатқан жобаның да қашан жүзеге асары белгісіз.

МЕЙІРЖАН БАЙМАҒАМБЕТОВ, ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл жоба кезінде жол басқармасымен ұсынылмады. Алайда 2025 жылға арналған бюджетті нақтылау барысында аталған жоба ұсынылып, бюджеттік комиссия қарауына шығарылды. Бірақ, қолдау таппады. Ендігі жерде 2025 жылға тағы да бюджетті нақтылау күтілуде. Сол нақтылауға ұсынылатын болады. Бұдан қолдау таппаған жағдайда, жылдың соңына дейін 26-28 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру барысында қаралады.

Қаражарлықтар биліктен көмек сұрайды. Өйткені, жолға мұқтаж тұрғындардың мәселесі мұнымен бітпейді. Ауылдағы төрт сыныптық бастауыш мектебін бітірген жасөспірімдер аудан орталығына қатынап оқуға мәжбүр.
———————————————